Міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтылған жұмыс істейтін халықтың мүддесін қорғау мақсатында, мынадай әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайларда: еңбекке қабілеттілігінен айырылу; асыраушысынан айырылу; жұмысынан айырылу; жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу; жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу; бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына әлеуметтік төлемдер төлеу көзделген.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері әр адамға жеке есептеледі және Қорға төленген әлеуметтік аударымдардың уақтылығы мен толықтығына тікелей байланысты болады. Айта кету керек, әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, ол жұмыс берушілердің және (немесе) жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен төленеді.
Осыған байланысты, біз жүйенің қатысушыларына Қорға нақты түскен әлеуметтік аударымдарды тексеріп отыруды ұсынамыз. Мұны egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы (Басты бет/жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту/міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік аударымдары туралы ақпарат) немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (Мемлекеттік корпорация) бөлімшелеріне немесе Қордың филиалына жеке басын куәландыратын құжатпен жүгіне отырып тексеруге болады.
Бүгінгі таңда цифрлық қызметтердің дамуымен әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу оңайырақ болып отыр.
Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін дәстүрлі түрде Мемлекеттік корпорацияның бөлімшелері арқылы да, үйден шықпай-ақ электронды түрде де жүгінуге болады.
Көбіне әлеуметтік төлемдер проактивті түрде тағайындалады: егер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде барлық қажетті мәліметтер болса, жүйеге қатысушыға «1414» Бірыңғай байланыс орталығынан төлем алу құқығын іске асыру туралы смс-хабарлама келеді. Осы смс-хабарламаға келісім алған жағдайда төлем проактивті түрде тағайындалады.
Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдерді келесі әдістердің бірімен:
- еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша: жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу (ЖЕА) дәрежесін бастапқы белгілеу кезінде-медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі арқылы, ал ЖЕА мәліметтері болған кезде - egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы немесе Мемлекеттік корпорацияға;
- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша: egov.kz электрондық үкімет порталы немесе Мемлекеттік корпорацияға;
- жұмысынан айырылу жағдайы бойынша: жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде - enbek.kz электрондық еңбек биржасының порталдары арқылы, egov.kz электрондық үкімет немесе Мансап орталығы, ал жұмыссыздарды тіркеу туралы мәліметтер болған жағдайда - екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында немесе Мемлекеттік корпорацияға;
- жүктілігі және босануы бойынша: - egov.kz электрондық үкімет порталына немесе Мемлекеттік корпорацияға жүгіну арқылы;
- бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша: - egov.kz. электрондық үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе Мемлекеттік корпорацияға жүгінуге болады.
Егер өтініш беруші электрондық түрде өтініш берген болса, онда әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 4 жұмыс күнін, ал Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген жағдайда - 8 жұмыс күнін құрайды.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде Қордың филиалдары құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығын тексеретінін атап өткен жөн. Уақтылы төленбеген немесе толық төленбеген, сондай-ақ төленген әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналарының аударылған сомалары бойынша бағаланатын қызметкердің табысына сәйкес келмеген жағдайларда Қордың филиалдары электрондық іс макетін толық ресімдеуге жібереді. Мұндай жағдайларда тағайындау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін ұзартылады және тиісті мемлекеттік органдардан, жұмыс берушіден және т. б. қосымша мәліметтер талап етіледі.
Жүйенің тиімділігі нақты сандармен расталады. Шығыс Қазақстан облысында ағымдағы жылдың 8 айында 248 мың жүйенің қатысушысы үшін Қорға 23,7 млрд. теңге сомасына әлеуметтік аударымдар түсті. Осы уақыт ішінде 35 мыңнан астам адам 20,3 млрд. теңге сомаға төлемдер алды.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы Қордың www.gfss.kz. ресми интернет-ресурсынан білуге болады.
ШҚО бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы