Шығыс Қазақстан облысында Салық кодексіндегі реформалар талқыланды

Шығыс Қазақстан облысында Салық кодексіндегі реформалар талқыланды

Баспасөз хабарламасы

2025 жылғы 5 тамыз
Астана қ.

Салық заңнамасындағы жаңа нормаларды түсіндіру – түсінікті әрі ашық салықтық ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі. Осы мақсатта ҚР Қаржы министрлігі еліміздің түрлі өңірлерінде бизнес қауымдастықпен тұрақты кездесулер өткізіп, өзгерістердің мәнін тікелей жеткізіп, өзекті сұрақтарға жауап беріп, кәсіпкерлердің жаңа талаптарға тиімді бейімделуін қамтамасыз етіп келеді.

Солардың бірі – Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында өткен көшпелі семинар. Іс-шараға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жанибек Нұржанов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіру Шығыс Қазақстан облысы үшін аса өзекті. Бұл өңір – еліміздегі жетекші өнеркәсіптік әрі аграрлық аймақтардың бірі. Мұнда металлургия, энергетика, машина жасау, агробизнес және құрылыс саласындағы ірі салық төлеушілер шоғырланған. Олар үшін өзгерістерді уақытылы түсініп, жаңа талаптарға бейімделу және салықтық әкімшілендіру тәуекелдерін азайту – аса маңызды.

2024 жылы өңірдің жалпы өңірлік өнімі 4,8 трлн теңгені құрады, жан басына шаққанда – 6,6 млн теңге. Өңір экономикасы тұрақты өсім көрсетуде: өнеркәсіп – +3,1 %, ауыл шаруашылығы – +9,3 %, құрылыс – +20 %. Жалпы құны 967,7 млрд теңгені құрайтын 210 инвестициялық жоба іске асырылып, 19,5 мың жұмыс орны ашылды.

Семинар барысында Жанибек Нұржанов жаңа Салық кодексінде көзделген тұжырымдамалық өзгерістерді кеңінен таныстырды. Әсіресе терминология мен салықтық жіктеу саласындағы жаңа тәсілдерге ерекше назар аударылды. Бұл – салық заңнамасын халық пен бизнес үшін жеңіл әрі түсінікті етуге бағытталған.

Сондай-ақ жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізу тетігі таныстырылды. Ол салық жүктемесін әділ бөлуге және фискалдық тұрақтылықты арттыруға бағытталған. ҚҚС әкімшілендіруіндегі құрылымдық өзгерістер, корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемелерге көшуі – кейбір салалардың дамуын ынталандыруға бағытталған маңызды қадамдар.

Семинарда салықтық процестерді цифрландыру, талдамалық басқару әдістерін күшейту, сән-салтанат тауарларына акциздер енгізу, есептілік пен салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, сондай-ақ бейрезиденттер мен жер қойнауын пайдаланушыларға салық салудың жаңартылған қағидаттары жан-жақты талқыланды. Бұл шаралардың барлығы салық жүйесінің ашықтығын, тиімділігін және әділеттілігін арттыруға бағытталған.

– Біз салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшуді ерекше назарда ұстап отырмыз. Бұл модель салық төлеушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Қарыз сомасына байланысты ескертулер мен ықпал ету шараларын кезең-кезеңімен қолдану көзделуде. Сонымен қатар бизнесті алдын алу және консультациялық қолдау шаралары күшейтіледі, – деп атап өтті Жанибек Нұржанов.

Семинар барысында қатысушылар салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, камералдық бақылау, салықтық тексерулер, берешекті өндіріп алу рәсімдері мен мерзімін кейінге қалдыру мәселелері бойынша нақты түсініктемелер алды. Ашық диалог форматында өткен кездесу барысында КМК өкілдері барлық сауалдарға жауап беріп, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді одан әрі нығайтты.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің
Баспасөз қызметі