«ЦОН» қосымшасы арқылы көлік сатуға немесе алуға болады

«ЦОН» қосымшасы арқылы көлік сатуға немесе алуға болады

2 қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» жаңа сервис іске қосылғанын хабарлады. Бұған дейін азаматтар мәміле жасау үшін ХҚКО-дағы QR-код арқылы келісімшарттың жазбаша нұсқасына қол қойып жүрді не екінші деңгейлі банктердің қосымшасын қолданды. Енді бұл сервис «ЦОН» қосымшасындағы «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» бөлімінде қолжетімді.

Мемлекеттік корпорация сатушы мен сатып алушы келісімшартқа электрондық цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қойып, рәсімдейді деп түсіндірді. Осылайша құжатты арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына бармай тұрып алдын ала жасап алуға болады, бұл уақыт үнемдеп, рәсімдеу процесін жеңілдетеді. Көлікті тіркеу рәсімін аяқтау үшін қосымша көмегімен қол қойған келісімшартты ХҚКО-да көрсету қажет.

Жасалған келісімшарт туралы жазба сервисте сақталады, бұл процесті ашық қылады әрі кейін тексеруге мүмкіндік береді. Құжаттың заңды күші болады, жеке деректер қорғалады және автоматты тексерілуі мен мемлекеттік деректер қорымен үйлесуі арқасында қате болмайды. Мұның бәрі қолдан құжат жасау, келісімшарт толтыру, рәсімдеу кезіндегі техникалық қате сияқты жағдайдың алдын алуға тиіс.

«ЦОН» қосымшасы арқылы келісімшарт рәсімдеу құны — 1 500 теңге. Сервиске ЖСН мен телефон нөмірі арқылы кіру қажет. Халық оны өз қалауы бойынша пайдалана алады.