Жұмысшы мамандықтарының жылы

Жұмысшы мамандықтарының жылы
  • 2024 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Президент Қ.Қ.Тоқаев атап өткендей, Жұмысшы мамандықтарының жылы қоғамымызда қажырлы еңбек пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге көмектеседі. Адал еңбек етуге ынталы жандарға мемлекет қашанда болмасын қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстанды құрудың іргелі факторларының бірі болып табылады.
  • Адал, қажырлы еңбек арқылы жетістікке жеткен азаматтар қашанда құрмет пен ықыласқа бөленеді. Өз саласының мамандарының арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасуда. Сондықтан да мемлекет еңбек адамдарының жағдайын, түрлі саладағы жұмысшы мамандықтары мен мамандардың беделін көтеру үшін дәйекті шараларды қолға алуда. Осындай шаралардың бірі  азаматтарға құрметті атақтар беру болып табылады. Мұндай марапаттар мұғалімдер, дәрігерлер және мәдениет қайраткерлеріне арнап енгізілді, инженерлерге, геологтарға, тау-кен игерушілеріне, көлік, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға да арналған құрметті атақтар енгізілетін болады.
  • Еңбекқор азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау барша мамандар үшін жақсы ынталандыру болып табылады, сонымен қатар еңбек адамының беделін де арттырады. Республика күні мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Марапатталғандар арасында білім, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым саласының көрнекті қайраткерлері, өндіріс саласының, бизнестің өкілдері, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері бар.
  • Мемлекет жұмыс істейтін азаматтарды қолдау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 70-тен 85 мың теңгеге дейін өсті. Соның арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардағы барлық салаларда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жұмыскердің табысы артты. Айта кетейік, Қазақстанда 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы жыл сайын өседі. Осылайша, үш жылда ЕТЖ екі есеге өсті.
  • 2023 жылы Мемлекет басшысы Әлеуметтік кодекске қол қойды, онда туғаннан кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдаудың барлық жағдайлары көзделген: еңбекке қабілетті жаста жұмысқа орналастыру, еңбекті қорғау, әлеуметтік сақтандыру шаралары, қиын өмірлік жағдай кезінде әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ сондай-ақ егде жасқа келгенде қолдау көрсету. Әлеуметтік кодекс – «Әділетті Қазақстанның» жаңа әлеуметтік саясаты.
  • Білімге, жұмысқа немесе кәсіптік оқуға қатыспайтын жастарды білдіретін NEET (Not in Education, Employment, or Training) буынының өсуі елеулі алаңдаушылық туғызады. Бұл тенденция еңбек белсенділігінің жалпы деңгейін төмендетіп қана қоймай, қоғамда керенаулық көзқарастарды тудырады. Премьер-Министр О.Бектенов еңбек құндылықтары мен кәсіпқойлықты насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, керенаулық көзқарасты жою қажеттілігіне тоқталды. Осы тұрғыдан алғанда,   Жұмысшы мамандықтарының жылы  жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуда, еңбек әулеттерін қолдауда және жастарды кәсіби өсуге ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Еңбекті құрметтеуді іргелі құндылық ретінде қалыптастыру еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының құрамдас бөлігіне айналуда.
  • Ғылымы мен техникасы дамыған елдер әлемде көш бастап тұр. ҚР Үкіметі де техникалық және кәсіптік білім беруге басты назар аударады. Биылғы жылы мұндай мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс айтарлықтай артып, грант саны 10 мыңға артты. Мемлекеттік тапсырыстың 65%-ы техникалық мамандықтарға арнайы бөлінген. Қазақстанда әлемдегі беделді университеттердің 12 филиалы жұмыс жасайды. Ғылыми зерттеулер жүргізетін жоғары оқу орындарының саны артып, технопарктер мен инженерлік орталықтар ашылуда. Жыл сайын 500-ге жуық ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар «Ғылым және техникалық саясат туралы» Заң қабылданды. Бұл шаралардың барлығы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау экономикалық өсуді және оның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды болып отыр.
  • Қарапайым еңбеккерлердің арқасында мемлекетте өнеркәсіп пен өндіріс дамып келеді. Олардың күнделікті, кейде елеусіз қалатын еңбегі елдің экономикалық тұрақтылығы мен алға жылжуының негізін құрайды. Кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін, инфрақұрылымның салынуын, қоғам өміріне қажетті тауарлар мен қызметтерді өндіруді қамтамасыз ететін жұмысшылар. Олардың үлесі жеке жетістіктерден де асып түседі – бұл мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылығына тірек болатын ұжымдық жұмыс. Олардың еңбегінің құндылығы даусыз және оны әрбір азамат Қазақстанның әл-ауқаты мен дамуының іргетасы ретінде терең ұғынуы тиіс.
  • Мәдениет және өнер қайраткерлері ұлтымыздың ілгері жылжуына өз үлестерін қосып, әрқашан тарихи үдерістердің басы-қасында жүрді. Шығармашылық мамандықтардың беделін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан дәйекті шаралар қабылдануда. Осылайша, мәдениет және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көтерілді. Президент Қ.Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Халық әртісі» және «Халық жазушысы» атақтары қайтарылды.
  • Қазақстанда қазіргі қоғамдағы еңбектің маңыздылығы мен мәні туралы хабардар болу деңгейін көтеру қажет, өйткені еңбек  елдің тұрақты экономикалық дамуының, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттырудың және әлеуметтік жауапкершілікті күшейтудің негізі болып табылады. Заманауи әлемде технологиялық прогресті қамтамасыз етуде және сапалы инфрақұрылымды құруда еңбек мамандықтары басты рөл атқарады. Дегенмен, жұмысшылардың үлесі жиі бағаланбай жатады, бұл ынтаның және жұмысшы мамандықтарды құрметтеудің төмендеуіне алып келеді.
  • Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға қатысты стереотиптер мен теріс пікірлерді өзгерту керек, өйткені жұмысшы мамандықтарға деген ескірген көзқарастар мен кері қатынас олардың жастар мен жалпы қоғам арасындағы тартымдылығын төмендетеді. Жұмысшы мамандықтарының жалақысы төмен, жоғары біліктілікті қажет етпейді және мансаптық болашағы жоқ деген стереотиптер көптен бері шындыққа жанаспайды. Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтары сұранысқа ие, технологиялық жағынан жетілдірілген және еліміздің өнеркәсібін, құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқаратын лайықты  төленетін мамандықтар болып табылады.