Жылдың басынан ШҚО-да 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді

Жылдың басынан ШҚО-да 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді

2026 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалы хабарлады.

Өңір тұрғындары көбінесе автокөлікке қатысты қызметтерге жүгінеді. Мәселен, көлік құралдарын тіркеу ең сұранысқа ие қызмет болып, шамамен 19 мың өтініш қабылданған. Екінші орында — Қазақстан Республикасы жеке куәліктері мен паспорттарын рәсімдеу, бұл қызметті 18 мыңнан астам адам пайдаланған. Үшінші орында — жылжымайтын мүлікті тіркеу, 11 мыңнан астам өтініш тіркелген.

Ең үлкен жүктеме дәстүрлі түрде ірі қалалық орталықтарға түседі. Қызметтердің ең көбі Өскемен қаласындағы мамандандырылған бөлімде көрсетілген — 21 мыңнан астам. Одан кейін осы қаладағы №3 ХҚКО — шамамен 14 мың қызмет. Аудандар арасында Риддер қаласының ХҚКО-сы көш бастап тұр, мұнда 5 мыңға жуық қызмет көрсетілген.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді бүгінде тек ХҚКО арқылы ғана емес, онлайн түрде де алуға болады. «ЦОН» мобильді қосымшасында 18 негізгі сервис және видеоЦОН форматында 79-ға жуық қызмет қолжетімді. Қосымша арқылы алдын ала кезекке жазылуға, QR-талон алуға, өтініш мәртебесін бақылауға және бірқатар қызметтерді, соның ішінде автокөлікке қатысты қызметтерді рәсімдеуге болады.

Осылайша, өңір тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алудың офлайн және онлайн форматтарын белсенді түрде пайдаланып, өздеріне ыңғайлы тәсілді таңдауда.