Үкімет еліміздің су шаруашылығы саласына кадр даярлау шараларын қолға алуда. Тараз қаласында жаңадан құрылған Су шаруашылығы және ирригация университеті өз жұмысын бастайды. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Биыл сәуір айында ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған болатын.
Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет «М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі ЖОО — «М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ТарУ» КеАҚ) және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ҚазҰСШИУ» КеАҚ) құру туралы шешім қабылдады. Оқу орындары олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің 100 пайыз қатысуы арқылы құрылды.
Осылайша, арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайтын болады.