2025 жылғы 24 сәуірде «Казцинк» ЖШС-ның конференц-залында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған іс-шара өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин, облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Мұқашұлы Омар, мемлекеттік органдардың өкілдері, өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбекті қорғау саласындағы мамандары, салалық және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар ашып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өндірістік қауіпсіздік мәдениетін нығайту бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың жүргізіліп жатқан жұмысы туралы баяндама жасап, кәсіподақтың қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Құрманбекұлы Қизатов қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету туралы баяндады.
Сондай – ақ, «Казцинк» ЖШС Металлургиялық кешенінің еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі бас техникалық басшысы Султан Абылкасымович Каримов «Казцинк» ЖШС металлургиялық кешеніндегі еңбекті қорғау және қауіпсіздікті басқару жүйесі» тақырыбында және «Казцинк» ЖШС металлургиялық кешенінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі бас маманы Нурлан Кажмуратович Умарбеков кәсіподақ ұйымының еңбекті қорғау саласындағы қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қоғамдық бақылауы туралы сөз сөйледі.
Іс — шара соңында марапаттау рәсімі өтті – «Казцинк» ЖШС еңбек сіңірген қызметкерлері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медальдарымен және грамоталарымен марапатталды.