Әрбір жұмысшы ақылы еңбек демалысына құқығы бар, ал жұмыс беруші жұмысшыға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге міндетті.
Еңбек кодексінің 92,93 баптарына сәйкес, жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Жыл сайынғы еңбек демалысы жұмыскердің пікірін ескере отырып, жұмыс беруші бекіткен демалыс кестесіне сәйкес белгіленеді немесе тараптардың келісімі бойынша демалыс кестесінен тыс белгіленеді.
Еңбек кодексіне сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының ұзақтығы 24 күнтізбелік күнді құрайды. Сонымен қатар, жұмыскерлердің өзге санаттарына жыл сайынғы қосымша демалыс беру және оның ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.
Мысалға, мұғалімдердің жыл сайынғы ақылы төленетін еңбек демалысына тоқтайтын болсақ:
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, орта білім беру ұйымдарының және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагогтары мен оларға теңестірілген тұлғаларына 56 күнтізбелік күндік жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі. Ал 42 күнтізбелік күн – оқу-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарының, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері үшін беріледі.
Еңбек демалысының ақысы орташа күндік жалақыны демалыс күндерінің санына көбейту арқылы есептеледі. Орташа күндік табыс 12 айдағы ұсталған жалақы сомасын нақты жұмыс күндерінің санына бөлу арқылы есептеледі. Егер мұғалім бір жылдан аз жұмыс істеген болса, онда есептеулер нақты жұмыс істеген айлар үшін жасалады.
Демалыс беру кезінде мұғалімдерге лауазымдық жалақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленген мұғалімдердің, оқытушылардың, қосымша білім беру педагогтарының, тәрбиешілердің, басқа педагогтарға сауықтыру жәрдемақыларының мөлшері еңбек демалысын беру күніне олардың нақты оқу жүктемесінен есептеледі.
Сондай-ақ, Еңбек кодексінің 87 бабына сәйкес, жұмыскерлерге жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысы беріледі, оған экологиялық демалыстар кіреді.
Экологиялық демалыс – экологиялық апаттар мен ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға берілетін демалыс, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына жатады.
14.04.2021 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, облыстық кәсіподақтар (қызметкерлер) бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасында 2021-2023 жылдарға арналған Облыстық Келісімге (бұдан әрі – облыстық Келісім) қол қойылды (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2021 жылғы 29 сәуірде тіркелген, облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің сайттарында 2021 жылғы 26 сәуірде, сондай-ақ ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы сайтында 2022 жылғы 14 наурызда жарияланған).
Кәсіподақтардың бастамасы бойынша қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыс бойынша туындайтын мәселелерді реттеу үшін облыстық Келісімге 5.23-тармақ енгізілді, онда радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын және тұратын қызметкерлерге ай сайынғы қосымша ақы төлеуді жүргізу және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыс беру көзделеді. Ай сайынғы қосымша ақының мөлшері және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыстың ұзақтығы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес айқындалады. Халықты әлеуметтік қолдаудың осы шараларын ұсыну «зардап шегушінің куәлігінің» бар-жоғына қарамастан, ұйымның барлық қызметкерлеріне таратыла отырып, ұжымдық шарттарда көзделсін.
Кодекстің 154-бабының 3-тармағына сәйкес, өңірлік Келісімнің күші тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына, жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
Соным қатар, салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 9.2 тармағына сәйкес, нормативтік оқу жүктемесі белгіленген мұғалімдердің, оқытушылардың, қосымша білім беру педагогтарының, тәрбиешілердің, басқа педагогтарға сауықтыру жәрдемақыларының мөлшері еңбек демалысын беру күніне олардың нақты оқу жүктемесінен есептеледі. Лауазымды қоса атқару жағдайында жұмыс істейтін тұлғаларға жәрдемақы жалпы негізде тағайындалып, төленеді (негізгі лауазымымен қатар, қоса атқару жағдайындағы жұмысы бойынша да).
Келісімге сәйкес, тамыздан бастап қазан айының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтарға оқу жылының аяқталуы бойынша алғашқы жұмыс жылы үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкерлердің тиісті санаты үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген ұзақтылықта алдын ала беріледі.