Өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасау туралы

Өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасау туралы

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс беруші қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасауға міндетті.

Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандырудың мақсаты еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген қызметкерлердiң мүліктік мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.

Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты келесі тәуекелдерді жабады:

- қызметкердің қайтыс болуы;

- қызметкердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылуы;

- кәсіби ауру.

Қызметкердің бір жыл және одан да көп мерзімге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге байланысты оның жалақысынан (кірісінен) айрылуына қатысты зиянды өтеу ретінде тиесілі, сондай-ақ қызметкердің қайтыс болуына байланысты сақтандыру төлемін аннуитет шартына сәйкес аннуитеттік сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымы жүзеге асырады.

Қызметкердің қайтыс болуына немесе оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесін белгілеуге байланысты табысты (кірісті) жоғалтуға қатысты зиянның мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес айқындалады.

Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін бестен жиырма тоғыз пайызға дейін зиян келтірілген кезде жұмыс беруші жоғалтқан табысын және денсаулығының зақымдануынан туындаған шығындарды көтереді.

Өзіне кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін отыздан жүз пайызды қоса алғанға дейін белгілеуге байланысты қызметкердің табысты (кірісті) жоғалтуына қатысты зиянды өтеу ретінде қызметкерге тиесілі ай сайынғы сақтандыру төлемін сақтандыру ұйымы жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 230 – бабына сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасалмағаны үшін жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.