Еңбек заңнамасы шеңберінде балалар еңбегін пайдалану жөніндегі жадынама

Еңбек заңнамасы шеңберінде балалар еңбегін  пайдалану жөніндегі жадынама

Бала еңбегін пайдалану - бұл баланың денсаулығына, қауіпсіздігіне, моральдық жағдайына қауіп төндіретін, сондай-ақ баланың білім алуына мүмкіндік бермейтін жұмыс. Бұл сонымен қатар белгілі бір жасқа дейінгі балаларды жұмысқа тарту.

Он төрт жастан бастап балалар ата-аналарының рұқсаты бойынша оқудан бос уақытта баланың дене бітімі, имандылық және психикалық жай-күйіне зиян келтірмейтін, денсаулық жағдайы мен дамуы бойынша қолжетімді қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға құқылы, сондай-ақ кәсіп алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты жұмыспен қамту қызметі мен жергілікті мемлекеттік басқару органдары қамтамасыз етеді.

ҚР Еңбек кодексінде (бұдан әрі - Кодекс) кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау, олардың еңбегіне ақы төлеу ерекшеліктері және басқа да жағдайлар көзделген.

Кодекске сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

Сонымен қатар, еңбек шарты орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, 15 жасқа толған азаматтармен және оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен жасалады.

Еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс.

Кодекстің 26 бабына сәйкес ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыскердің толық материалдық жауаптылығы көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сату) он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын жасасуына жол берілмейді.

Сонымен қатар, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа орналастыруға жол берілмейді.

Кодексте (69 бабы) он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үшін:

- он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын;

- он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленген.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы балалар еңбегін пайдалануға белгілі бір шектеулерді қамтиды, атап айтқанда, он сегіз жасқа толмаған қызметкерлерді жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылатын жұмысқа, түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа, вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартуға жол берілмейді. Бұдан басқа, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерді жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақыртып алуға жол берілмейді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (86 бап 3 бөлігі) кәмелетке толмағандарды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені үшін  жеке кәсіпкерлік субъектісіне қарай әкімшілік жауапкершілік қарастырылған:

-лауазымды адамдарға – 50АЕК;

-шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 80 АЕК;

-орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК;

-iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 АЕК.

Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік):

-лауазымды адамдарға –70 АЕК;

-шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 150 АЕК;

-орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;

-iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 300 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

ҚР Қылмыстық кодексі жұмыс берушiнiң немесе лауазымды адамның Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын он сегiз жасқа толмаған жұмыскерлердiң еңбегiн қолдануға тыйым салынған жұмыстарға кәмелетке толмағандарды тарту бөлігінде бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілейді (153 бабы).

Жұмыс берушiнiң немесе лауазымды адамның Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын он сегiз жасқа толмаған жұмыскерлердiң еңбегiн қолдануға тыйым салынған жұмыстарға кәмелетке толмағандарды тартқаны үшін - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мынадай:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) бiрнеше рет;

3) екi немесе одан да көп адамға қатысты;

4) алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен;

5) кiнәлi адамға психикасының бұзылуынан зардап шегетiнi немесе дәрменсiз күйде екенi көрiнеу белгiлi кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасында балалар еңбегіне шектеулер белгіленген және балалар еңбегін оңалмайтын нұқсан келтіру арқылы пайдалану қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейді.