Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібі

Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібі

Жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің персоналды ұсыну бойынша қызметін заңнамалық реттеу, «персоналды ұсыну» ұғымын нақтылау және оны пайдалану тәртібін айқындау мақсатында 2020 жылғы 19 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы (бұдан әрі - Заң) қабылданды.

Осы Заң шеңберінде жұмыс берушілердің үшінші тараптың мүддесінде, басқаруымен және бақылауымен жұмысты орындау үшін өз қызметкерлерін ұсыну құқығы көзделген, бұл ретте осы беру міндетті түрде Азаматтық кодекстің 687-1-бабына сәйкес Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес ресімделуі тиіс.

Еңбек кодексінің 137-1-бабында персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібі көзделген, онда персоналды ұсынатын жұмыс берушінің (жіберуші Тараптың) міндеттері және қабылдаушы Тараптың міндеттері, сондай-ақ қызметкерлердің құқықтары айқындалған.

Мұндай қызметкерлердің негізгі құқықтарының бірі олардың тең негізгі жалақыға, яғни қабылдаушы Тарап қызметкерлерінің ұқсас лауазымы, тиісті біліктілігі, мамандығы немесе кәсібі бойынша негізгі жалақысының мөлшерінен төмен емес, сондай-ақ тең өндірістік-тұрмыстық жағдайларға құқығы болып табылады.

Негізгі жалақы деп тарифтік мөлшерлемелер, лауазымдық айлықақылар, кесімді бағалар бойынша төлемді қамтитын, жалақының салыстырмалы түрдегі тұрақты бөлігі және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, салалық келісімде, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарында көзделген тұрақты сипаттағы төлемдер есептеледі.

Демек, Ұжымдық шарттың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалған сыйақы және ынталандыру төлемдерінің басқа да нысандары түріндегі жалақыны құрайтын өзге де төлемдер негізгі жалақыға енгізілмейді және жіберуші және қабылдаушы Тараптың қызметкерлері арасында тең еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету кезінде ескерілмейді.

Бұл ретте, осы талаптар мердігерлік шарттар бойынша қызметтер көрсететін және (немесе) жұмыстарды орындайтын ұйымдардың қызметкерлеріне, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық жұмыстарға, жүк пен жолаушыларды тасымалдауға және өзге де, сондай-ақ өтеулі байланыс қызметтерін көрсету, медициналық, ветеринариялық, аудиторлық, консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтер, оқыту, туристік қызмет көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтер және өзге де көрсетілетін қызметтер шарттарына қолданылмайды.

Осы шарттарға сәйкес бір Тарап (Орындаушы) екінші Тараптың (Тапсырыс берушінің) тапсырмасы бойынша белгілі бір жұмысты орындауға (қызметтер көрсетуге) және белгіленген мерзімде оның нәтижесін Тапсырыс берушіге тапсыруға міндеттенеді, ал Тапсырыс беруші жұмыс нәтижесін қабылдауға және оған ақы төлеуге міндеттенеді.

Бұл жағдайда жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) үшін Орындаушы еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес Орындаушының мүддесінде, басқаруымен және бақылауымен жұмыс істейтін жұмыскерлерді жұмысқа қабылдайды.

Сонымен бірге, бұл шарттардың мәні персоналды ұсыну бола алмайды, өйткені Азаматтық кодекске сәйкес бұл шарттардың мәні белгілі бір жұмысты еңбек құралы ретінде орындау немесе байланыс қызметтерін көрсету, медициналық, ветеринарлық, аудиторлық, консультациялық, ақпараттық қызметтер, оқыту, туристік қызмет көрсету болып табылады.

Осыған байланысты, осы шарттар шеңберінде персоналды ұсыну фактілері анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылдау қажет