Жасөспірімдердің жазғы уақытта жұмыс істеу тәртібі мен құқығы

Жасөспірімдердің жазғы уақытта жұмыс істеу тәртібі мен құқығы

Жазғы демалыс кезеңінде көптеген мектеп оқушылары мен студенттер алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға, кәсіби дағдыларды меңгеруге және өзі табыс табуға ұмтылады. Мемлекет жастардың уақытша жұмыспен қамтылуын қолдайды, алайда кәмелетке толмағандарды еңбекке тарту Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы шеңберінде ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес еңбек шартын жасасуға он алты жасқа толған азаматтарға жол беріледі. Сонымен қатар, заңнамада еңбек қатынастарының бұдан ертерек туындауына мүмкіндік беретін жағдайлар да көзделген. Атап айтқанда, он бес жасқа толған азаматтармен, сондай-ақ он төрт жасқа толған білім алушылармен оқу уақытынан бос кезде жеңіл жұмыстарды орындау үшін ата-анасының, асырап алушысының немесе қамқоршысының жазбаша келісімі болған жағдайда еңбек шарты жасалуы мүмкін.

Егер жасөспірім еңбек шарты негізінде жұмыс істесе:

- жалақы есептеледі;

- еңбек өтілі есепке алынады;

- мәліметтер ЕШЕАБЖ-ға енгізіледі;

- заңнамада көзделген міндетті төлемдер мен аударымдар жүргізіледі.

Жасөспірімді жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс берушінің міндеттері:

- жазбаша еңбек шартын жасау;

- заңда көзделген жағдайларда 14–15 жастағы қызметкерлер үшін ата-анасының жазбаша келісімін алу;

- жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығару;

- мәліметтерді ЕШЕАБЖ-не енгізу;

- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нұсқама өткізу;

- қысқартылған жұмыс уақытының сақталуын қамтамасыз ету;

- жасөспірімдерді ауыр, зиянды, қауіпті жұмыстарға, түнгі уақыттағы және үстеме жұмыстарға тартпау.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 69-бабы 1-тармағының 1,2-тармақшаларына сәйкес, кәмелетке толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленген:

16 жасқа дейін – аптасына 24 сағаттан аспайды;

16 жастан 18 жасқа дейін – аптасына 36 сағаттан аспайды.

Кәмелетке толмағандарға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі (кемінде 24 күнтізбелік күн).

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға:

- түнгі уақытта жұмыс істеуге;

- ауыр және зиянды жұмыстарды орындауға;

- үстеме жұмыс істеуге;

- денсаулығына және адамгершілік тұрғыдан дамуына қауіп төндіретін жұмыстарға тартылуға тыйым салынады.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы №944 бұйрығымен бекітілген «Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің еңбегін қолдануға тыйым салынатын жұмыстардың тізбесін, сондай-ақ он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін ауыр заттарды көтеру мен жылжытудың шекті нормаларын бекіту туралы» талаптарға сәйкес кәмелетке толмаған қызметкерлердің еңбегін пайдалануға қатысты шектеулер қолданылады.