Ата-аналарға арналған икемді жұмыс кестесі

Ата-аналарға арналған икемді жұмыс кестесі

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы отбасылық міндеттері бар қызметкерлерді қолдау шараларын қарастырады және еңбек қызметін бала тәрбиесімен қатар алып жүруге мүмкіндік береді.

Еңбек кодексіне сәйкес қызметкердің жазбаша өтініші негізінде жұмыс беруші толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті:

  • жүкті әйелге;
  • үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың біріне;
  • медициналық қорытынды негізінде науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын қызметкерге.

Толық емес жұмыс уақыты жұмыс күнінің ұзақтығын қысқартуды, апталық жұмыс күндерінің санын азайтуды немесе осы режимдердің үйлесімін көздеуі мүмкін.

Бұл ретте толық емес жұмыс уақытын белгілеу қызметкердің еңбек құқықтарын шектемейді. Қызметкердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына, әлеуметтік кепілдіктерге және еңбек өтіліне құқықтары сақталады.

Сонымен қатар, бала күтіміне байланысты демалыста жүрген қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты жағдайында жұмыс істеуге құқылы.

Еңбекті ұйымдастырудың икемді нысандары ата-аналарға жұмыс пен отбасылық өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі, ал жұмыс берушілерге білікті кадрларды сақтап, олардың ынтасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осы кепілдіктерді сақтау жұмыс берушінің міндеті болып табылады және балалы отбасылардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуға ықпал етеді.