
2026 жылғы 7 сәуірдегі № 277-VIII Заңымен Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру комиссиясының жұмысына жұмыскердің немесе оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының өтініші бойынша адвокат немесе заң консультанты дауыс беру құқығынсыз қатыса алады. Сондай-ақ, комиссия зардап шеккен адамның өрескел абайсыздығы зиянның туындауына немесе ұлғаюына себеп болғанын анықтаса, оның кінә дәрежесін 25 пайыздан асырмай белгілейді.
2.Жұмыс беруші қызметкерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру шартын жасасу керек пе?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасауға міндетті.
Міндетті сақтандыру шарты жұмыс беруші мен сақтандыру ұйымы арасында қызметкердің пайдасына жазбаша түрде жасалады. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде сақтандыру төлемдері тікелей қызметкерге немесе оның асырауындағы адамдарға төленеді.
Міндетті сақтандыру шартын жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 22 бабына сәйкес, жұмыскер өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін ахуал туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшының немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы.
Жұмыс беруші қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытуға және білімін тексеруге, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, арнайы киіммен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге, жазатайым оқиғаларды есепке алып, тергеп-тексеруге, өндірістік объектілерді аттестаттауға, қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден өткізуге, жазатайым оқиғалардан сақтандыруға, мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындауға және еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізуге міндетті.
Жұмыскерлер саны 50-ден асатын өндірістік ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі құрылады. Ал жұмыскерлер саны 50-ге дейін болған жағдайда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман тағайындалады немесе бұл міндет басқа қызметкерге жүктеледі. Қызметтің негізгі міндеттері – еңбек қауіпсіздігі бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүргізу, құрылымдық бөлімшелердің жұмысын үйлестіру және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуына ішкі бақылау жасау.