
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданындағы Артемьев шахтасында болған қайғылы оқиғаға байланысты «Востокцветмет» ЖШС мен KAZ Minerals тобының басшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы қаза тапқан қызметкердің отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Жиында өндірістік қауіпсіздік пен еңбек қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі қызметкерлердің қауіпсіздігі әрбір өндірістік кәсіпорын үшін сөзсіз басымдық болуы тиіс екенін айтып, техника қауіпсіздігі талаптарына формалды қарауға, бақылаушы органдардың нұсқамаларын елемеуге және өндірістік жарақаттанудың алдын алу шараларына немқұрайлы қарауға жол берілмейтінін жеткізді.
Сонымен қатар кәсіпорынның мемлекеттік органдармен оқиғаның себептерін тергеу аясындағы ашық әрі жедел өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған қосымша шараларды қарастыру жөнінде салалық министрлікке ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Еске сала кетейік, 30 мамыр күні «Востокцветмет» ЖШС-нің Артемьев шахтасында тау жынысының құлауы салдарынан кәсіпорын қызметкері қаза тапты.
Бұған дейін, 9 мамыр күні де аталған шахтада жазатайым оқиға тіркелген болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде шаң-сору және желдету қызметінің механигі шамамен тоғыз метр биіктіктен құлап, өміріне қауіпті жарақат алған.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мәселелері ерекше бақылауда.