
Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері қаралды.
Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі болғандықтан, өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі ерекше маңызға ие. Осыған байланысты облыста өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпті өндірістік нысандардағы бақылауды күшейту және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылдың бес айының қорытындысы бойынша облыстың қауіпті өндірістік нысандарында тексерулер мен техникалық зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 842 бұзушылығы анықталды. Аталған заңбұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі — кәсіпорындарды жаңғырту. Биыл өңір кәсіпорындарында пайдалану мерзімі аяқталған 603 бірлік жабдық пен технологиялық желіні ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар өндірістік бақылауды күшейту мақсатында заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде. Атап айтқанда, техника мен персоналды мониторингтеу жүйелері, бейнебақылау, телеметрия, диспетчерлендіру және авариялық хабарлау құралдары кезең-кезеңімен іске қосылуда.
Үкімет отырысында салалық мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларына өндірістегі апаттардың алдын алу, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және әрбір өндірістік учаскедегі жауапкершілікті арттыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — барлық кәсіпорындардың басты міндеті және өзгермейтін басымдығы болып қала береді.