
Enbek HR мобильді қосымшасы hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталымен (бұдан әрі – Портал) толықтай синхрондалған. Бұл қызметкерлерге смартфон арқылы Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркелген еңбек шарттары туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.
Еңбек шарты бойынша өзекті емес мәліметтер анықталған жағдайда, қызметкер еңбек шартының деректерін өзгертуге, еңбек шартын бұзу туралы ақпарат енгізуге немесе оны жоюға сұрау жібере алады.
Сұрау қалыптастыру үшін «еңбек шарты» бөлімін таңдап, «бұзу немесе жою» әрекетін таңдау қажет, міндетті мәліметтерді көрсету, растаушы құжатты (JPG, JPEG, PNG, PDF форматында) тіркеу және қосымшада SMS арқылы келген кодпен растау керек. Осы рәсімдерден кейін сұрау Порталдағы жұмыс берушінің жеке кабинетіне қарауға жіберіледі. Егер жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде әрекет жасамаса, онда уәкілетті орган сұрауды қарап, тағы үш жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.
Қосымша сервистерін пайдалану үшін Азаматтардың мобильді базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі жеткілікті. Егер қызметкер бұрын Порталда тіркелген болса, онда мобильді қосымшада қосымша тіркелу талап етілмейді – авторизация Порталдағы қолданыстағы логин мен пароль арқылы жүзеге асырылады.
Enbek HR қосымшасы барлық пайдаланушылар үшін тегін және PlayMarket пен AppStore платформаларында қолжетімді.