
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің қатысуымен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студент жастарға арналған «Pro еңбек құқықтары» атты интерактивті кездесу өтті.
Іс-шараға ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің Еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Ергазинов Қуаныш Самарханович қатысып, студенттерге еңбек заңнамасының негізгі талаптарын, жұмысқа орналасу кезінде туындайтын тәуекелдер мен құқықтарды қорғау жолдарын түсіндірді.
Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар QR-код арқылы анонимді сауалнамаға қатысып, еңбек шартынсыз жұмыс істеу, жұмыс берушілер тарапынан болатын бұзушылықтар, әлеуметтік аударымдар мен құқықтық қорғаныс мәселелері бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Нәтижесінде жастар арасында еңбек қатынастарына байланысты тәуекелдердің бар екені анықталды.
Іс-шара барысында еңбек инспекциясы өкілдері студенттерге еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты нақты мысалдар келтіріп, құқықтарды қорғау жолдары мен әрекет ету алгоритмдерін түсіндірді. Сонымен қатар, жұмысқа орналасу кезінде назар аудару қажет негізгі қадамдар таныстырылды.
Кездесуде цифрлық еңбек нарығы, оның ішінде фриланс және онлайн жұмыс форматтарындағы тәуекелдер де талқыланды. Қатысушыларға өз құқықтарын қорғауда сандық дәлелдердің маңыздылығы (хат алмасу, төлемдер тарихы, скриншоттар) түсіндірілді.
Іс-шараның интерактивті бөлімінде нақты жағдайлар қарастырылып, еңбек құқықтары бұзылған кезде әрекет ету жолдары бірлесіп талқыланды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырады.