
2026 жылғы 5 мамырда «Казцинк» ЖШС металлургиялық кешені Өскемен металлургиялық алаңшасының мырыш зауытының электролиз цехының балқыту бөліміндегі түсті металдар ұнтағын өндіру учаскесінде түтінсорғышты іске қосу жұмыстары барысында жарылыс болып, кейіннен өрт шығып, учаске ғимаратының құрылыс конструкциялары ішінара қирады.
Авариялық қызметтердің күшімен өрт оқшауланып, үйінділерді жинау жұмыстары жүргізілді.
Оқиға салдарынан 2 жұмысшы қаза тапты, 5 жұмысшы түрлі дәрежедегі жарақат алып, «Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы» ШЖҚ КМК-ға жеткізілді.
Бір жұмысшы денесінің 90 %-дан астамын термиялық күйік шалуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды.
Тағы бір жұмысшы бел омыртқа бөлігінің жарақатымен травматология бөліміне жатқызылды.
3 жұмыскер қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емдеуге жіберілді.
Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін 2026 жылғы 05 мамырда Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің ШҚО бойынша департаментінің бұйрығымен топтық жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия төрағасы – ШҚО бас мемлекеттік еңбек инспекторы Қизатов Б.К., комиссия мүшелері ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының өкілі, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдері қосылды.