
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Ж.К. Ракимов Шемонаиха ауданының бірқатар кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында еңбек қатынастарын реттеудің өзекті мәселелерін талқылау болды.
Кездесу барысында еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің енгізілуі мен оны қолдану тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, еңбек заңнамасын сақтау, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік техникасы талаптарын орындау және өндірістегі тәуекелдердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің маңызы, оның құқықтық негіздері және жұмыс берушілердің осы бағыттағы міндеттері кеңінен қарастырылды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан толыққанды жауаптар алды. Мұндай іс-шаралар еңбек қатынастары мәдениетін арттыруға және өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге ықпал ететіні атап өтілді.