
Өскемен қаласында облыстық үшжақты комиссияның әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында күзет қызметін көрсететін ұйымдардағы еңбек заңнамасының сақталу жағдайы қаралды.
Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов, құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіподақ ұйымдары мен күзет қызметін көрсететін компаниялардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында соңғы уақытта күзет ұйымдарында қызметкерлерге жалақыны уақтылы әрі толық төлемеу фактілері жиілегені атап өтілді. Департаменттің мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың наурызына дейін еңбек инспекциясына осы сала қызметкерлерінен 88 өтініш түскен.
Өтініштерде жалақыны кешіктіру, артық жұмыс уақыты үшін төлемнің дұрыс есептелмеуі, түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері істелген жұмыс үшін төлем мәселелері көтерілген. Сонымен қатар өндірістік жарақаттар туралы хабарламау, есеп айырысу парақтарын бермеу және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы төлемеу жағдайлары да айтылған.
Аталған фактілер бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті 15 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Олардың бір бөлігі өтініш берушілердің шағымдарын кері қайтарып алуына байланысты тоқтатылса, кейбір тексерулер жұмыс берушілер тарапынан кедергі келтірілуіне байланысты аяқталмаған.
Әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында департамент өңірдің полиция департаментіне, экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, мемлекеттік кірістер департаментіне және мемлекеттік сатып алу басқармасына анықталған жүйелі бұзушылықтар туралы тиісті хаттар жолдаған.
Жиын барысында полиция департаментінің өкілі күзет қызметтері саласындағы бақылау жұмыстары туралы ақпарат беріп, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды
Күзет компанияларының өкілдері жалақы бойынша берешектің туындауын тапсырыс берушілер тарапынан төлемдердің кешіктірілуімен түсіндірді. Қазіргі уақытта берешекті өтеу бойынша қажетті шаралар қабылданып жатқаны айтылды.
Ал кәсіподақтар өкілдері еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс тобы бірқатар ұсынымдар қабылдады. Атап айтқанда, жалақы бойынша қалыптасқан берешекті қысқа мерзімде өтеу, анықталған заңбұзушылықтарды жою және жағдайды облыстық үшжақты комиссия отырысында қосымша қарау ұсынылды.
Сонымен қатар еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында мемлекеттік органдар, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейту қажеттігі атап өтілді.