ҰЛАН АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҰЛАН АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ұлан ауданында көктемгі дала жұмыстары қарсаңында «Пролетарка» шаруа қожалығы («Багратион» ЖШС) ұжымымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы А.А. Қабаев ұйымдастырды.

Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің негізгі талаптары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, еңбекті қорғау бойынша қызметкерлерді оқыту және олардың білімін тексеру тәртібі, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар орын алған жағдайда жұмыс берушінің атқаратын іс-әрекеттері егжей-тегжейлі баяндалды.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, жұмыс орындарында нұсқама жүргізу, қызметкерлерді міндетті медициналық тексерулерден уақтылы өткізу және оларды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті сала маманынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған маңызды шара болып табылады.