
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскерлермен жасалған еңбек шартын, оның тоқтатылуын, сондай-ақ еңбек шартына енгізілетін барлық өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (бұдан әрі – ЕШЕБЖ) тіркеуге міндетті екенін хабарлайды. Аталған талаптарды орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Жұмыс берушілердің еңбек қатынастары туралы мәліметтерді ЕШЕБЖ-ға енгізу міндеті Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 27) тармақшасында бекітілген.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ағымдағы жылдың 25 ақпанындағы деректерге сәйкес, ЕШЕБЖ-да 178 мыңнан астам еңбек шарты тіркелген немесе 94%.
Еңбек шарттарын ЕШЕБЖ-да тіркеу жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарының бар екенін ресми түрде растауға мүмкіндік береді, бұл азаматтардың еңбек, әлеуметтік және зейнетақы құқықтарын сақтаудың негізгі шарты болып табылады. Атап айтқанда, электрондық еңбек шартының болуы жұмыскердің жалақыны уақтылы алуына, әлеуметтік төлемдерге, зейнетақымен қамтылуына, сондай-ақ еңбек даулары туындаған жағдайда құқықтық қорғалуына кепілдік береді.
Еске саламыз, еңбек шарттарын тіркеу hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, порталдың функционалын Enbek HR мобильді қосымшасы арқылы да пайдалануға болады.