Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ақпаратты енгізу мерзімдері мен тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ақпаратты енгізу мерзімдері мен тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 257-VIII Заңымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін (ЕШЕАБЖ) жүргізу тәртібін бұзғаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда, жұмыс берушінің ЕШЕАБЖ-не қызметкермен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы, сондай-ақ оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы мәліметтерді енгізу жөніндегі талаптарды сақтамауы әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады. Мұндай бұзушылықтардың қатарына мыналар жатады: ақпаратты белгіленген мерзімде енгізбеу немесе уақтылы енгізбеу, мәліметтерді толық енгізбеу, сондай-ақ жүйеде дұрыс емес немесе қате ақпаратты орналастыру.

 Көрсетілген әрекеттер (әрекетсіздік) үшін құқық бұзушылық субъектісінің мәртебесіне қарай сараланған мөлшерде әкімшілік айыппұл салу көзделген. Мәселен, лауазымды тұлғалар үшін айыппұл 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде белгіленген. Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін санкция 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - 150 АЕК құрайды.

Осындай құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда айыппұл мөлшері ұлғаяды. Осындай бұзушылықтар қайталанған жайғдайда лауазымды адамдарға - 60 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға - 80 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Көрсетілген әкімшілік жауапкершілік шаралары 2026 жылғы 12 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Жұмыс берушілер 2026 жылғы 12 наурызға дейінгі мерзімде жетіспейтін деректерді енгізе отырып және өткен кезеңдердегі қателерді түзете отырып, ЕШЕАБЖ-не мәліметтерді нақтылауы қажет.

Бақылау тетігі автоматтандырылатын болады: мемлекеттік органдар зейнетақы аударымдарын ЕШЕАБЖ базасымен қашықтықтан салыстыруды жүргізе бастайды. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда жұмыс берушіге хабарлама жіберіледі, содан кейін деректерді түзетуге 30 жұмыс күні беріледі. Әкімшілік айыппұл, егер мәліметтер осы жеңілдікті мерзім ішінде енгізілмесе немесе түзетілмесе ғана қолданылады.