Жұмыс беруші жұмысшыға тәртіп жаза қолдану үшін міндетті түрде еңбек заңнамасының талаптарын орындау қажет.
Ең біріншіден, жұмыс беруші тәртіптік теріс қылықты анықтағанда жұмысшыдан түсінік хат талап ету қажет.
Жұмысшының түсінік хаты тәртіптік теріс қылықтың себеп салдарын білуге, сондай-ақ, жұмысшының кінәсінің дәрежесін анықтау үшін қажет. Мұндау процедура жұмысшының болған жағдайға қатысты өзінің ұстанымын білдіруге және болып кеткен жекелеген жағдайға қатысты іс-әрекетін не әрекетсіздігін жұмыс берушіге жеткізу үшін, ал жұмыс берушіге болған жағадайды дұрыс бағалап, тиісті тәртіптік жазаны қолдануға немесе қолданбауға мүмкіндік береді.
Сондықтан, жұмысшының өзінің тәртіптік теріс қылық болған жағадайға қатысты түсінігін жұмыс берушіге берген жөн.
Жасалған тәртіптік теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру туралы талап жазбаша нысанда (қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында) ресімделеді және жұмыс берушінің талабын алғаны растала отырып, жұмыскерге жеке өзіне немесе курьерлік пошта байланысы, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы тапсырылады.
Егер жұмысшы түсінік беруден жалтарса немесе бас тартса, онда жұмыс берушінің өкілі осыған қатысты тиісті акт жасайды.
Егер жұмыскер талапты алған немесе талапты алудан жалтару немесе бас тарту туралы акт жасалған күннен бастап екі жұмыс күні өткеннен кейін түсініктеме бермесе, онда жұмыс берушінің өкілі тиісті акт жасайды.
Сондай-ақ, жұмыс беруші тәртіптік жаза қолдану алдында жұмысшыға тәртіптік жазаның қолдану мерзімдерін ескеруі тиіс.
Еңбек кодексінің 65-бабының 4-тармағында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тәртіптік жаза жұмыскерге тәртіптік теріс қылық анықталған кезде тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
Сонымен қатар, тәртіптік жазаны – тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты ай өткеннен кейін, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген немесе ревизия немесе жұмыс берушінің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру нәтижелері бойынша тәртіптік теріс қылық анықталған жағдайларда жұмыскер тәртіптік теріс қылық жасаған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Еңбек Кодексінің 176-бабында көзделген жағдайларда тәртіптік жазалар ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
Жұмыс беруші тәртіптік жазаны, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің актісін шығару арқылы қолданады. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, ұлттық басқарушы холдингтің бірінші басшысы тәртіптік жаза қолданған кезде осы баптың және осы Кодекстің 66-бабының ережелері қолданылады.
Осы орайда айта кететін бір мәселе, әрбір тәртіптік теріс қылық үшін жұмыскерге бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкін.
Тәртіпті жазаға тартылған жұмысшы, тәртіптік жаза қолдану туралы актімен, осы акті шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде таныстырылу керек.
Жұмыскер жұмыс берушінің актісімен танысқанын қол қойып растаудан бас тартқан жағдайда, тәртіптік жаза қолдану туралы актіде бұл туралы тиісті жазба жасалады.
Жұмыскерді жұмыс берушінің тәртіптік жаза қолдану туралы актісімен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, жұмыс берушінің актісі шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмыс беруші жұмыскерге табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы тәртіптік жаза қолдану туралы актінің көшірмесін жіберуге міндетті.
Еңбек кодексінде көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзуды қоспағанда, тәртіптік жаза қолдану мерзімі ол қолданылған күннен бастап алты айдан аспайды.
Дегенмен, жұмыс беруші өзінің бастамасымен тәртіптік жазасы бар жұмысшыдан тәртіптік жазаны акті шығару арқылы алып тастауға құқылы.
Егер, жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданудың талаптарын бұзса, жұмысшы жергілікті еңбек инспекциясы жөніндегі органға шағымдануғ құқылы.