Деструктивті діни идеологияны алдын алу мақсатында

Деструктивті діни идеологияны алдын алу мақсатында

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасы мен облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Конфессияаралық келісім мен діни толеранттылық - Қазақстан халқының рухани бірлігінің негізі» атты TED-x конференциясы өтті. Ғылыми кеңеске облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологтары, дінтану негіздерінің мамандары, психологтар, жоғары оқу орындарының, колледждердің оқытушылары мен студенттер қауымы қатысты.

Конференция барысында спикерлер деструктивті діни ағымнан сақтану мен алдын алу жолдарын айтып, құрбанына айналғандарды қайта қалыпты ортаға бейімдеу туралы ұтымды ойларымен бөлісті. – Қазақстан – көпұлтты, бірлік пен ынтымақты ту еткен мемлекет. Дінге, нәсіліне қарай бөлінбей, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлыстар өмір сүріп келеді. Қоғамда ұлтаралық татулықты сақтап, әр біреуіне құрмет қарау – ел саясатының өзегі. Діни терроризмге жол бермеуіміз қажет. Айрандай ұйып отырған егеменді еліміздің тыныштығы – әрбіреуіміз үшін маңызды, - деді конференцияны ашқан ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Нұржан Құнанбаев.

 Жалпы, жиын барысында жастар арасында өзекті ой туғызатын тұщымды пікірлер мен ойлар көп айтылды.  – Радикалды діни идеология – қауіпті дерт. Әсіресе, жастар теріс ағымға түсіп, ой өрістері бұрмаланып кетеді. Сондықтан олармен үнемі ақпараттық-танымдық жұмыс жүргізіп отыру қажет. Интернеттің өзін тиімді, пайдасына қарай пайдаланған дұрыс. Жат дін мен дәстүрлі дінді шатастырып, құрбанына айналғандарға әрдайым психологиялық көмек көрсетуіміз шарт, - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Тышхан Кеңшілік өз баяндамасында.

Сонымен қатар дәстүрлі дін терроризмге қарсы, діни фанатизм мен оның зардабы сияқты өзекті тақырыптар да назардан тыс қалмады. – Егер жастардың дінге деген қызығушылығы болса, ең алдымен, мешіттердегі имамдардан, теологтардан ақпарат алған дұрыс. Өйткені дінге енді қызыққандарды тура жолдан тайындырып жіберетіндер – радикалды идеология ұстанушылары. Дәстүрлі дін – келісім мен достыққа, сыйластыққа бағытталған, терроризмге толықтай қарсы. Адам өмірі – ең басты құндылық болып табылады, - деді баяндама барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатай.

 Ал, осы радикалды діннің кесірінен қайта оңалтуға түскендермен қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны, қалыпты ортаға бейімделуі туралы психолог мамандар пікір алмастырды.