ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ ОБЛЫСТЫҚ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ ОБЛЫСТЫҚ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Үйлестіру кеңесінің отырысына қалалық және аудандық клиникалардың онкологтары, облыстың бас штаттан тыс дәрігерлері, Шығыс Қазақстан өңіріндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының басшылары қатысты.

ШҚО-ның бас штаттан тыс онкологы, облыстық онкология орталығының директоры Гульмира Сагидуллина 2025 жылдың І тоқсанындағы онкологиялық қызметтің қорытындылары туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, бұл кезеңде қатерлі ісік аурушаңдығы 9,6%-ға артқан, ал өлім-жітім деңгейі 1,1%-ға төмендеген. Ауру себептері тізімінде скрининг жүргізілетін қатерлі ісік түрлері – сүт безі, өкпе және колоректалды қатерлі ісік – алдыңғы қатарда тұр.

Онкологиялық дертпен есепте тұрғандар саны – 14 668 адам. Жылдың алғашқы үш айында 585 жаңа қатерлі ісік жағдайы анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 жағдайға артық.

– Қазіргі таңда ШҚО-да колоректалды қатерлі ісікке скрининг жүргізу деңгейі бойынша «қызыл аймақта» тұр, – деді Гүлмира Сағидоллина. – Бірінші кезеңнің тиімділігі тікелей пациенттерге материалды дұрыс жинау тәртібін түсіндіруге байланысты. Ал екінші кезеңге келсек – эндоскопиялық орталық ашылып, жұмыс істеп жатыр, науқастарды жолдаңыздар.

Сүт бездеріне скрининг жүргізу де тереңірек қарауды қажет етеді. Маммографиялық құрылғылармен қамтамасыз етілу деңгейі жақсы – Өскемен қаласында әрбір дерлік емханада бірнеше аппарат бар, сондай-ақ аудандық ауруханалардың көбінде бұл құрылғылар бар, жоқ жерлерде – биыл орнатылады.

Бас онколог ең көп анықталған асқынған жағдайлар жасы 65-тен асқан науқастар арасында екенін атап өтті.

– Осы жастағы адамдарға ерекше назар аударыңыздар, оларды скринингтен өткізіңіздер, – деді ол облыстың қала-аудандарындағы дәрігерлерге. – Ерте диагностика көрсеткіштерін тек осылай жақсартамыз.

Сондай-ақ спикер медициналық ұйымдар басшыларына арналған бағалау индикаторлары туралы айтып, олардың формалды емес, медициналық көмектің сапасын бағалайтын нақты көрсеткіштер екенін атап өтті. Бұл көрсеткіштерге ПМСП ұйымдары мен Онкоорталық арасындағы өзара іс-қимыл да әсер етеді.

– Бізсіз сіздер науқастарды емдей алмайсыздар, сіздерсіз біз диагностикамен толық қамти алмаймыз, – деді Гульмира Сагидуллина. – Арамызда толық түсіністік орнады, өңір тұрғындарының игілігі үшін бірлесіп жұмыс істейміз.