Шығыс Қазақстан облысында жаңа тәжірибе енгізілуде: енді өңірдегі медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері азаматтарды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ғимаратында жеке қабылдайтын болады.
Тиісті бұйрыққа ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев қол қойды. Құжатта тұрғындармен тікелей және ашық диалог орнату, денсаулық сақтау жүйесі басшыларының қолжетімділігі мен халықты толғандыратын мәселелерді жедел шешудің маңыздылығы атап өтілген.
Қабылдау аптасына екі рет — сейсенбі және бейсенбі күндері жүргізіледі.
Қабылдауға жазылу жолдары:
Электрондық үкімет порталы арқылы;
Телефон арқылы: +7 (7232) 71 11 21;
WhatsApp арқылы: +7 (708) 729 49 39.
Қабылдау мекенжайы: Өскемен қаласы, Қазыбек би көшесі, 11,
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының ғимараты,
3-қабат, 317-кабинет.
Шалғайда жатқан елді мекен тұрғындары үшін бейнебайланыс арқылы онлайн қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.
Кезектен тыс қабылданатындар:
Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
Тыл еңбеккерлері;
Ауған соғысының қатысушылары;
Ерекше қажеттілігі бар азаматтар;
Жүкті әйелдер;
Көп балалы аналар.
Бұл жаңа бастама өңір жұрты үшін денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ өзекті мәселелерді тиімді шешуге бағытталған.