ӨСКЕМЕНДЕГІ АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ «БОЛАШАҚ АНАЛАР МЕКТЕБІНЕ» БАРУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ

ӨСКЕМЕНДЕГІ АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ «БОЛАШАҚ АНАЛАР МЕКТЕБІНЕ» БАРУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ

Бүгінгі таңда жүкті әйелдерді бақылау, олардың психопрофилактикалық дайындығы және оның отбасы мүшелерін босануға дайындау – бұл өңірдегі босану қызметі жұмысының маңызды сәті. Ана мен бала орталығының жанындағы "Болашақ аналар мектебінде" әйелді алдағы босануға дайындап, жаңа туған нәрестені қалай күтуге кеңес беріледі. Бұл курстар болашақ анаға дұрыс тыныс алуды үйретеді, психологиялық кедергіні жеңуге мүмкіндік береді.
-Ана болу кез келген әйелдің өмірінің ажырамас бөлігі. Жас болашақ аналар жүктілік пен бала күтімі туралы барлық мәліметтерді біле бермейді, әсіресе жүктілік бірінші рет болса. Бұл жас ананың жасына және тәжірибесіздігіне байланысты. Жас аналар осындай жауапты қадам алдында өздерін сенімді сезінуі үшін бізде болашақ аналар мектебі жұмыс істейді, — деп атап өтті облыстық ана мен бала орталығы консультативтік-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі, ШҚО бас штаттан тыс репродуктологы Надира Слямханова.
Кеңесті ана мен бала орталығының білікті психологтары, гинекологтары мен акушер-гинекологтары жүргізеді. Жүктілікке дайындық туралы сауалдарына жауап алғысы келетін қыз-келіншектерге Шәкәрім даңғылы, 149/2 мекен-жайында орналасқан осы мектепке келуіне болады. Мамандар әр сейсенбіде сағат 15.00-ден бастап қабылдайды.
Жыл басынан бері төрт ай ішінде "болашақ аналар мектебіне" 78 пациент келген. Айта кетейік, 2023 жылы бұл мектептен 233 жүкті әйел кеңес алған болатын. Талдау олардың 90 пайызына жуығы ешқандай асқынусыз босанғандарын көрсетті.
Бас репродуктолог атап өткендей, бұл ақпарат емханалардың учаскелік дәрігерлері үшін өте маңызды. Облыс емханаларының учаскелік терапевттері мен акушер-гинекологтарынан талап етілетін бір ғана нәрсе – олардың есепте тұрған жүкті әйелдерді осы мектепке жіберу. Әрбір жүкті әйел өз емханасының дәрігерінен жолдама алып, босануға психопрофилактикалық дайындыққа МӘМС аясында тегін қатыса алады.
Бүгінде өңірде диспансерлік есепте 4729 жүкті әйел тұр.
-Қазіргі уақытта болашақ аналарға арналған мектептерден өтуге дәрігерлердің өздері де кеңес береді. Мектепте босанудың дұрыс өтуіне байланысты білім мен дағдылар, сондай-ақ жаңа туған нәрестеге қалай күтім жасау туралы кеңестер қарапайым және ыңғайлы түрде беріледі, мұнда біз тіпті тәжірибесіз қыздарды да психологиялық тұрақтылыққа, дұрыс тыныс алуға үйретеміз, — деп қосты ана мен бала орталығының акушер-гинекологы Дана Қалиғазина.