Облыстық байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды

Облыстық байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды

А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Сәбира Мұхамеджанованы еске алуға арналған «Қаһарман қыз Сәбира» атты облыстық байқау өтті.

Игі бастамаға ұйытқы болған - ШҚО «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі. Кітапхана мен ұйым бірлесе ұйымдастырған бұл байқауға облыстың әр аймағынан, Өскемен қаласындағы мектептер мен білім беру мекемелерінен 60-қа жуық тапсырыс ұсынылды.

Байқау екі бағытта - эссе және арнау өлең жанрларында өтті. Сын мен сарапқа түскен 40-тан астам эссенің ішінен тек 8 туынды үздік деп танылды. Қазылар алқасы оқушылардың ой тереңдігіне, тілдік сауаттылығына, құрылымдық сауаттылық пен көркемдік шеберлігіне баса назар аударды.

Салтанатты кеш 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай бір минут үнсіздікпен басталды. Сахна төріне алғашқы болып «Жұлдыз» өнер мектебінің жас өнерпазы Айтахмет Серікұлы шығып, «Мен - қазақтың ұлымын» әнімен байқаудың шымылдығын ашты.

Байқаудың басты бөлігі - арнау өлеңдер додасы – әсерлі рух пен отты шабытқа толы болды. Өскемен қаласынан, Тарбағатайдан, Зайсаннан және Семей өңірінен келген 20-дан астам оқушы Сәбираға арнаған жүрекжарды жырларын оқып, залға жырмен үн қатты. Бұл - Сәбира рухына деген шынайы құрмет пен алғыс еді.

Байқауға әділқазы болған тұлғалар қатарында Желтоқсан оқиғасының тірі куәгері, ұстаз Рымбеков Ерлан Қайырұлы, актер әрі режиссер Ербол Асемханов және ақын Естай Жаңабай болды. Сондай-ақ Ақтөбе өңірінен арнайы шақырылған қобызшы, желтоқсаншы Жетес Ермекұлының қатысуы шара шырайын арттыра түсті.

Кеш барысында «Мен - қазақпын» және «Байтақ далам» әндері орындалып, елдік пен ерліктің рухы тербеліп тұрды. Жас дарындар өнері мен өлеңі арқылы Сәбира рухын тірілтіп, тәуелсіздік үшін жанын қиған қайсар қыз бейнесін жас жүректерге жақындата түсті.

Соңында қазылар шешімімен үздік қатысушылар марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Бұл күн – рухты жыр, отты сөз, шындық пен шын жүректің мерекесі болды. «Қаһарман қыз – Сәбира» байқауы тек еске алу кеші емес, ұлт руханиятын, жас ұрпақтың ұлтжандылығын арттыратын тағылымды тәлім алаңына айналды.

Байқау соңында он төрт жеңімпаз анықталып екі бас жүлдені  Ермекұлы Әли мен Мельсқызы  Назерке қанжығалап, екі бірінші орын  Ануарқызы Арунамен Ахатбекова Айшолпанға бұйырды. Екінші орындарды Садақова Бинур, Ақылбекұлы Ермұхамет және Ақзамбекова Айзада еншілеп, үшінші орындарды  Пазылбек Инабат, Серік Аружан, Рафисова Рамина және Маликова Алтын иеленді. Ал арнайы орындар Аманов Амир, Серік Аружан  және Екименко Мария қанағат тұтты. Кеш соңында барлық қатысушыларға, жетекшілерге, байқауға демеушілік жасаған «Ақжол» демократиялық партиясына, «Жан Ана» қоғамдық бірлестігіне, Сабира Мұхаметжанованың сыныптас, группалас достарына кітапхана атынан алғыс білдіріп, соңынан естелік суретке  түсті.