20 желтоқсан күні ШҚО филармония залында облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен қалаларының мәдениет күндерінің қорытынды гала-концерті өтті. ШҚО музей-қорығы ХХ ғасырдың ортасы мен ХХІ ғасырдың басындағы шығысқазақстандық қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан 70-тен астам бұйымдары мен түрлі халықтардың тоқыма станоктарын көрсеткен «Сырмақ. Текемет. Алаша» көрмесін дайындады. Сондай-ақ, тоқымашылық пен тігіншіліктен шеберлік дәрістері ұйымдастырылды. Көрмеге Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Ұлан, Шемонайха аудандарының, Зайсан қаласының қолөнер шеберлерінің және музей-қорықтың қорынан алынған бұйымдар ұсынылды. Кілем тоқу өнері ұлттық ою-өрнектердің сан алуандығын, қазақ даласының барлық бояу байлығын және көшпелі өмір ырғағын көрсетеді.