Сүйінші! 2024 жылы 21 қыркүйек күні сағат 14.00-де Өскеменнің ең әсем де танымал жаяу жүргіншілер көшесі – Арбатта ауқымды мәдени шара – алғашқы қалалық Кітап фестивалінің ашылу салтанаты өтеді!
Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының ауқымды бастамасын қаланың мәдениет мекемелері: кітапханалар, мұражайлар, театрлар, сондай-ақ кітап сату ұйымдары, білім беру мекемелері, жергілікті ақын-жазушылар қолдап отыр. Фестивальдің басты идеясы – кітап мәдениетін дамыту және зияткерлік әрі мазмұнды уақыт өткізу нысаны ретінде сапалы оқуды насихаттауға ықпал ету.
Кітап фестивалінің басты сахнасында өскемендіктер мен қала қонақтары кітап тұсаукесерлері, белгілі қазақстандық жазушылармен кездесулер, «Шабыт» жастар театрының тамаша қойылымдары, облыстық филармония әртістерінің музыкалық нөмірлері, әдеби дефиле тәрізді мазмұнды да қызықты мәдени бағдарламаларға қатыса алады. Атап айтқанда, Фестиваль аясында Жәди Шәкенұлы, Г. Н. Пуссеп тәрізді заманауи танымал авторлардың кітаптарының тұсаукесері, сондай-ақ «Абай әлемі» кітаптар топтамасының» 2024 жылғы жаңа шығарылымының тұсаукесері өтеді. Естеріңізге сала кетейік, «Абай әлемі» кітаптар топтамасы» әдеби жобасы облыс әкімдігінің бастамасымен 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба туған өлкенің өткені мен бүгінін қамтитын жерлес жазушылардың шығармаларын басып шығаруға арналған.
Арбаттағы Кітап фестивалінің тақырыптық локациялары барлық жастағы келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Кітап әуесқойлары мен кітапқұмарлар үшін – мазмұны мен формасы алуан түрлі кітап көрмелері мен инсталляциялар ұсынылады: Абай атындағы облыстық кітапхана қорынан «Кітаптар сөйледі» сирек басылымдар көрмесі (Семей қ.), Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорларынан жерлес жазушылардың жеке заттарының көрмесі, жерлес жазушылар шығармаларының QR-көрмесі, жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылған «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» балалар суреттерінің интерактивті көрмесі және т.б.
Кітап сату локациясы баспа индустриясының жаңалықтары мен қазіргі аймақтық әдебиеттің даму тенденцияларына қызығушылық танытатындар үшін қызықты болары сөзсіз. Арбатта «Шығыс ақпарат» баспалары, «Арго» полиграфиялық компаниясы, «Қасым Қайсенов», «Бестселлер», «VITA» кітап дүкендері мен «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің мүшелері, «Tŏr Altai», «Алтай Изумрудный», «Кедр» әдеби журналдарының редакциялық алқалары өз өнімдерін келушілер назарына ұсынбақ.
«Балалық кеңістігі» локациясында жас оқырмандарды әдеби ойындар, байқаулар, квесттер, викториналар мен көптеген жағымды тосынсыйлар күтеді. Мереке барысында келушілер авторлармен әңгімелесіп, олардың қолтаңбасы мен кеңесін алып, жылы лебізін тыңдап, бірге фотосуретке түсу мүмкіндігіне ие болады. Бірегей Open Air салтанаты көңілді еркін микрофонмен аяқталады!
Баршаңызды жыл сайынғы игі дәстүрге алғашқы қадам жасайтын тұңғыш қалалық Кітап фестивалінің куәсі болуға шақырамыз. Келіңіздер, өңіріміздің «Оқитын Шығыс Қазақстан» атты жаңа имиджін бірге жасайық!
Анықтама тел.: 261-333