2024 жылғы 6 шілдеде Өскемен қаласында кезекті облыстық «Шығыс кәдесыйы» қолөнер шығармашылығының фестиваль-байқауы өтті.
Байқауға қоғадан жасалған сервиз, эпоксидті смоланы пайдалана отырып жасалған Қазақстан картасы түріндегі сағат, эко-қоғадан өрілген қорап, киіз кілемдер, қыш бұйымдар, тас пен металдан жасалған зергерлік бұйымдар және тағы басқа түрлі материалдардан жасалған жұмыстар ұсынылды.
Фестиваль бағдарламасында ШҚО шеберлерінің бұйымдары мен кәдесыйларының түрлі-түсті жәрмеңкесі өтті, Өрнек белбеулерін тоқу, қоға өру, қыш-құмыра жасау, тастарға сурет салу, қазақ халқының тоқыма тоқуы, кесте тігу қолөнерлері бойынша білім мен дағдыларды беру мақсатында шеберлік сағаттары өткізілді.
«Shahira» шығыс би студиясы мен әнші Әлия Боженова өзінің жас шәкірттерімен бірге фестиваль қатысушыларына жақсы көңіл-күйін сыйлады.
Байқаудың он тоғыз жүлдегері бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылар «Жоғары шеберлік», «Инновациялылық», «Дәстүрлі қолөнершілік», «Жас шебер», «Yкiлі домбыра», «Кәсіпкерлік», «Көрермендер көзайымы сыйлығы» номинациялары бойынша бақ сынасты.
Фестиваль – таланттардың кездесу және қолөнер дәстүрлерін сақтау орны.