«Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары»

«Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары»

12 сәуірде А.С. Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапханасында «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» интернет-порталының тұсаукесері және жасанды интеллекттің көмегімен «жандандырылған» өлкеміздің аңыз-әңгімелеріне негізделген суреттер көрмесінің ашылуы өтті.

Интернет-порталдың https://anyz.pushkinlibrary.kz мақсаты – өлкеміздің халық мәдениеті туындыларын, сақтау және дәріптеу. Жобаның мақсаты – Шығыс Қазақстан облысына байланысты халық арасында сақталған аңыз-әңгімелерді жинақтау, сақтау және дәріптеу.

Анықтама-библиографиялық бөлім қызметкері Жайлыбаева Меруерт жоба туралы толығырақ таныстырды, ал С. Аманжолов атындағы ШҚ университетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Келгембаева Бақытжан Бекенқызы өлкеміздегі аңыз-әпсаналар туралы, олардың жас ұрпаққа берері туралы айтып өтті.

Порталды жасау барысында түрлі дереккөздерден аңыз-әпсаналарды жинау мен оларды аудару бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Порталдағы барлық материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған.

Мұнда өлкемізге байланысты қызықты да сан түрлі аңыздарды табуға болады. Мысалы, қала шетіндегі өзен неге Аблакетка, ал Катонқарағайдағы жайлау Алтықыз атанғанын, Алқабек атты жас жігіттің көңілінен шықпаған Ұласты арудың қандай құсқа айналғанын, «Алып әйелдің ұршығы» облысымыздың қай аймағында орналасқаны туралы ақпарат алып, басқа да қызықты аңыздармен таныса аласыз. Сондай-ақ, портал арқылы Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды саяхат жасап, ежелгі «Ақ-Бауыр» обсерваториясын тамашалап, Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтауға аяқ басып, «Ырғызбай-ата» кесенесімен танысып, Қиын-Керіштің алаулаған шоқыларына серуендеуге болады. Оған қоса, пайдаланушылардың назарына аңыз-әпсаналармен таныстыратын электронды толықмәтінді фольклорлық кітапхана мен тақырыптық бейнеподкасттар ұсынылады.

Порталдың әрбір пайдаланушысы қандай да бір аңыз желісімен сурет салу, Шығыс Қазақстанның әсем жерлеріне жасаған саяхат әсерлерімен бөлісу, облысымыздағы қызықты жерлермен байланысты авторлық аңыз жазу арқылы жобаның бірлескен авторы да бола алады.

Интернет-портал тұсаукесерінің тағы бір ерекшелігі – келушілер назарына осы аңыз-әпсаналар желісімен жергілікті суртшілер және олардың шәкірттері салған суреттер көрмесі де ұсынылады.

Республика және бүкіл әлем көлемінде ішкі және сыртқы туризмге деген қызығушылық артқан уақытта аталған ресурсқа шексіз қолжетімдікті қамтамасыз ету маңызды. Портал бейімді дизайнға ие, материал экранның ені мен биіктігіне икемді түрде бейімделеді және компьютерде, планшетте, смартфонда да жақсы көрінеді. Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналарын бір жерге жинақтаған интернет-портал ежелгі ақиқат пен заманауи технологияны, ұрпақ сабақтастығы мен жаңа идеяларды біріктіре отырып, киелі де таңғажайып өлкемізбен жақын танысуға жетелейді!

Байланыс тел.: 261-333 (ішкі 123)