19 қаңтарда А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» интерактивті әдеби экспозициясының салтанатты ашылуы өтті. Облыс өміріндегі басты оқиғалар мен өңірімізге еңбегі сіңген атақты тұлғалар – мерейтой иелерін арқау еткен көрме бірнеше бөлімнен тұрады.
«Ұлт перзенті» деген атпен кітап галереясының көшбасында – аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы; жазушы, тарихшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Күлтегін сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлы; геолог-ғалым, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев; Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетов; «Халық Қаһарманы» Рахымжан Қошқарбаев; жазушы, аудармашы, Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Бельгер Герольд және т.б.
«Өмір жырын шерте білген» бөлімі мерейгер - жазушылар мен көркемсөз шеберлерін біріктіреді. Қазақ әдебиетінің тарихына үш бәйтерек болып енген – С.Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин; ақын-жазушылар Б. Соқпақбаев, Ә. Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, М. Құмарбеков, Ғ. Байбатыров, С. Ғаббасов, Ұ.Есдәулет, Б. Щербаков, С.Черных, Б. Сахариев, Х. Балшабеков, журналист М. Әміренов және т. б.
Көрменің «Өнермен өрілген өмір» бөлімінде мерейгер-шығармашылық мамандықтың жарқын өкілдері – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр әртісі Ә. Өмірзақова, жазушы, әнші және музыкант Ж. Кәрменов, Қазақстанның халық әртісі Б. Төлегенова, әнші, сазгер Б. Әшірбаев, Б. Аникин. Халқына адал қызмет атқарып, қазақ өнері тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жерлестерімізді мақтан тұтамыз.
«Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар» бөлімі – тағдыры өлкемізбен тығыз байланысты мерейгерлерге арналады. Олар: журналист, жазушы-тарихшы В. Обухов; жазушы, ШҚ білім беру мен баспа ісін дамытуға үлес қосқан саяси қайраткер П. Бажов; Ұлы Отан соғысының ардагері, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Ә. Байбатшин; белгілі саяхатшы Н. Пржевальский; ұшқыш Т. Әмірова; ғалым, түркітанушы А. Аманжолов, этнограф, өлкетанушы, тарихшы, саяси жер аударылған Н. Коншин.
Сондай-ақ, құрылғанына 155 жыл толған Зайсан қаласы, 65 жылдық тарихы бар ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және ашылғанына 60 жыл толып отырған ШҚ облыстық жас техниктер станциясы туралы деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Шара қонақтары мерейгерлердің өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты фактілермен, баспа, бейне, фотоқұжаттармен және осы тұлғалардың шығармашылық мұрасымен танысты.
Тарихшы, ҚАЕУ-нің аға оқытушысы, доцент Ардақ Абдрахманова мемлекет қайраткерлерінің өмірінен қызықты деректерге тоқталса, С.Аманжолов атындағы ШҚУ университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Хасенов Сәкен мерейгер жазушылардың шығармашылығымен жан-жақты таныстырды.
Кездесудің құрметті қонақтары, мерейтой иелері – Б. Щербаков, А.Әубәкіров, И.Дурново, В.Обуховтың өз аузынан шыққан қызықты әңгімелері жастардың жадында ұзақ сақталады деп ойлаймыз.
«Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы күйлер мерекеге ерекше атмосфера қалыптастырса, Бибігүл Төлегенованың шәкірті Гүлнар Перкованың орындауындағы «Алқоңыр» халық әні қонақтардың қызу қошеметіне бөленді.