«Батыр Баян» сурет сөз-альбомының тұсаукесері

«Батыр Баян» сурет сөз-альбомының тұсаукесері

10 қараша күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Асыл Сұңғатқызының «Батыр Баян» сурет сөз-альбомының тұсаукесері өтті.

Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай «Батыр Баян» поэмасын сурет сөз арқылы берген Асыл Сұңғатқызының бұл үшінші альбомы.
Асыл Сұңғатқызы «Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің 9 «Д» сынып оқушысы. Оқу озаты, сурет салғанды, домбырада ойнағанды, кітап оқығанды жақсы көреді. Дебат қауымдастығының мүшесі. Облыстық экологиялық байқаудың жеңімпазы. Қалалық, облыстық олимпиадалардың жүлдегері. «Алаш көсемі», «Ер Төстік» атты комикс-альбомдардың, «Мен жастарға сенемін» атты стикерпактың авторы. Асылдың өткен жылы жарық көрген «Ер Төстік» комикс-альбомының таныстырылымы Астана қаласында өткен Евразиялық Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде және Ұлттық Академиялық кітапханада жоғары деңгейде өтті.

Жалпы комикс – суретпен салынған оқиға. Туынды әдебиет пен сурет өнерін ұштастырады. Шығарма кейіпкерлерін оқырман қауымға комикс форматында таныстыру – қазіргі таңда жасөспірімдер арасында танымалдылыққа ие болған шығармашылық ізденістің жаңа бір түрі.

Асылдың жаңа альбомында Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы суреттелген. Альбом жастықтың албырттығын, сезімнің соқырлығы мен ақылға бағынбайтын асаулығын, ашу мен ақылдың, сана мен сезімнің таласын, әрі көзсіз ерлікті баяндайды.