Ұлыларды ұлықтаймыз

Ұлыларды ұлықтаймыз

Биылғы жылы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл, Кербұғы болмыс жазушы, драматург, журналист, Катонқарағай ауданының тумасы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл, белгілі балалар жазушысы, Ханс Кристиан Андерсен атындағы Құрмет дипломының иегері, Зайсан ауданының тумасы Марат Қабанбаевтың туғанына 75 жыл толып отыр. Осы атаулы күндерге орай А.С. Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапханасында жасөспірімдер арасында командалық сайыс өткізілді.

Сайыстың мақсаты ұлы тұлғаларымызды жас ұрпаққа дәріптеу, шығармашылығын насихаттаумен қатар жастардың бойындағы отанды сүю қасиеттерін арттыруға ықпал ету. Рухани құндылықтарымызды насихаттай отыра шығармашылық ізденісті жандандыру болатын.

Шара барысында команда капитандары арасында интеллектуалды ойын, мерейтой иелерінің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтерді қорғау, сайыскерлердің аталған ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын қаншалықты білетінін тексеруге арналған сұрақ-жауап бойынша жұмыстар жүргізілді.

Сайыста үздік деп танылған алты команда бақ сынады. Солардың ішінде: Абай атындағы гуманитарлық колледжінен келген «Самұрық» командасы I орын, «Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының» оқушылары II-орын, «№49 жалпы білім беретін мектебі» ІII-орынды иеленді. Ал, «Абай атындағы №33-орта мектебі» КММ, «О.Бөкей атындағы №44 лицейінен» келген командалар қатысқандары үшін алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз командаларға арнайы диплом, кубок, сыйлықтар табысталды.

Сайыс соңында қатысушылар ұлы тұлғаларға арнаған өз өлеңдерін ортаға салып, патриоттық әндер шырқады.

Бүгінгі іс-шараны өз деңгейінде өткізе отырып, сәл де болса жастардың санасына ұлы тұлғалар туралы құндылықтарды жеткізе алдық деп ойлаймыз