Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары

Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары

Атадан ұл болып тума, ер болып ту

Халық даналығы

Елімізде өз жерін, халқын, кәсібін бейнелейтін адамдар жетерлік. Олар даңқты істері еліміздің жылнамасына ойып тұрып жазылған тұлғалар. Олардың есімдері – Қазақстанның визит карточкасы іспеттес. Міне, осы көрнекті адамдар – 2023 жылдың мерейгерлері 25 қаңтар сағат 11.00-де А.С.  Пушкин атындағы облыстық кітапханада салтанатты түрде ашылатын «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты интерактивті әдеби экспозицияның кейіпкерлері.  

 «Ұлт перзенті» атты мерейгер-мемлекет қайраткерлерінен құралған кітап галереясының көшбасында – ойшыл, ақын-мистик және діни уағызшы, сопылықтың түркі тармағының негізін қалаушы Қожа Ахмет Әзірет Сұлтан Яссауи; қазақ мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, Ұлы жүздің биі, шешен әрі ақын Төле би; ақын, жырау, би, қазақ халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Бұқар жырау Қалқаманұлы; Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, Алаш-Орда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжанов; Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және т. б.

 «Өмір жырын шерте білген» бөлімі мерейгер-жазушылар мен көркемсөз шеберлерін біріктіреді. Олар: ақын, философ, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы; ақын-демократ, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров; жазушылар Оралхан Бөкей, Анатолий Иванов, Николай Горбачев, Асқар Алтай, Тоқтарбек Мағзұмов, Қалқаман Сарин; ақын, журналист Серік Құсанбаев және тағы басқалар. Көрменің ашылуы барысында кітаптармен қатар, Күршімдегі Барақ батыр мерейтойындағы Оралхан Бөкейдің сөйлеген сөзін тыңдау мүмкіндігі де бар.

 «Өнермен өрілген өмір» бөлімінде мерейгер-шығармашылық мамандықтың жарқын өкілдері – композитор-күйші, қазақ аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлы; Париж сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі Әміре Қашаубаев; Қазақ радиосының дикторы, Қазақстанның Халық әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әнуарбек Байжанбаев; әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері, шәкәрімтанушы Келденбай Өлмесеков; актер, режиссер, сценарист Сақан Әкелеев; суретші-карикатурашы Айдарбек Ғазизұлы және т. б. Кітап шолуымен қатар, кездесу қонақтары актер, режиссер әрі біздің кітапхананың тұрақты оқырманы болған Сақан Әкелеевтің көзі тірісінде түсірілген бейнежазбаны тамашалай алады.

 «Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар» бөлімі – тағдыры Шығыс Қазақстанмен тығыз байланысты мерейгерлерге арналады. Олар келесі белгілі жерлестеріміз: ағартушы, өлкетанушы Прокофий Григорьевич Харламов; көрнекті геолог, палеонтолог, географ, Алтайды зерттеуші, фантаст-жазушы, КСРО Ғылым академиясының академигі Владимир Афанасьевич Обручев; Алтайды зерттеуші Петр Александрович Чихачев; қоғам қайраткері, зерттеуші, шежіреші Бошай Кітапбаев; мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, орта машина жасау министрі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Ефим Павлович Славский; ғалым, тілші- түркітанушы Сәрсен Аманжолұлы Аманжолов; ӨПИ бірінші ректоры (қазіргі С. Аманжолов атындағы ШҚУ), Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері (1981), С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Құрметті профессоры Жұмаш Кәрімұлы Уәлиев; мәдениеттанушы-ғалым, сыншы, философия ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәбетқазы Нұржақияұлы Ақтаев; партия қайраткері, Семипалатинскі қаласының (қазіргі Семей қаласы), Өскемен қаласының бұрынғы әкімі, Тарбағатай ауданының, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Амангелді Қажыбаев; КСРО-ның бокстан спорт шебері, ҚР кикбоксингтен Еңбек сіңірген спорт шебері, үш дүркін Еуропа чемпионы, халықаралық және республикалық кубоктардың иегері Ержан Шегенов және т. б.    

Көрме қонақтары салтанатты шара барысында мерейгерлердің өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты фактілермен, баспа, бейне, фотоқұжаттармен және осы көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұрасымен танысып, шақырылған тарихшы, зерттеуші ғалымдар, журналистер мен мерейгер жазушылардың тартымды баяндамаларын тыңдайды.

Көрме 2023 жылдың мерейлі күндеріне арналған кітапхананың ірі іс-шараларының бастамасы болмақ. Өйткені, бұл атаулар мен жетістіктерді әрбір адам білуі тиіс. Бұл ұлы адамдар – бүкіл Қазақстан халқының мақтанышы мен даңқы, ұлттық байлық және болашақ ұрпақ үшін рухани бағдар болары сөзсіз!