Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне арналған іс-шаралар

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне арналған  іс-шаралар

Алдымызда еліміздің қасиетті де қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні. Осы атаулы күн аясында қала тұрғындары мен қонақтары түрлі мәдени іс-шаралардың куәсі болмақ. Қалың жұртшылық тарихи-танымдық, әдеби-музыкалық шаралар, театрландырылған қойылым, зияткерлік ойындар, экскурсия және т.б. қатыса алады.

Мерекелік іс-шаралар Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2 желтоқсан күні «Желтоқсан қасиетті де қасіретті» көрмесімен басталмақ.

А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада 6 желтоқсан күні сағат 16.00-де мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Еліме арнаймын» атты музыкалық-патриоттық ойын-сабағы ұйымдастырылса, 13 желтоқсанда ШҚО зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы өз пайдаланушыларын «Мен сенімен мақтанамын, менің Қазақстаным!» атты мерекелік микрофонына шақырады. Сондай-ақ, «Тарих тудырған Тәуелсіздік» бедерлі нүктелі қаріппен шығарылған  кітаптар көрмесі ұсынылады.

Бейнелеу өнерінің жанкүйерлері 7 желтоқсан күні, 15.00-де Шығыс Қазақстан өнер музейінде ұйымдастырылатын  Н.П. Аштеманың «Биікке ұмтылу» мерейтойлық көрмесін тамашалап, қылқалам шеберлерінің ғажайып туындыларынан рухани ләззат ала алады.

Ал ағылшын тіліндегі сөйлеу дағдысын жетілдіремін деушілер Пушкин кітапханасында өтетін «My Motherland is Kazakhstan» ағылшын тіліндегі ақпараттық сабаққа қатысуларына болады  (10 желтоқсан, 15.00).

Кішкентай қала тұрғындарына арналған танымдық-ойын бағдарламасы «Ұлы жолдың кезеңдері» атауымен 12 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында жалғасын табады. Музейдегі мерекелік іс-шараларды 14 желтоқсан күні «Желтоқсан ызғары – мәңгі жүректе» бағдарламасы жалғастырады (мерекеге арналған өлеңдер,  концерттік бағдарлама,  желтоқсандықтар жайлы бейнеқатар, «Шабыт» студенттік театрының орындауында шығармалар инсценировкасы, кітап көрмесі).

Ал, 13 желтоқсан күні, сағат 10.00-12.00 аралығында Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлғалар» ғылыми-практикалық конференциясына қатысуға шақырады. 12-16 желтоқсан күндері музейде мектеп оқушыларын «Как начиналось будущее» патриоттық сабақтар циклі күтеді.  

Өнерсүйер қауым мен шығармашыл жастар қаламыздағы тағы бір музей – Шығыс Қазақстан өнер музейінде 14-желтоқсан күні сағат 15.00-де өтетін жерлесіміз, суретші, ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Елдар Оразалының шығармашылық кешіне қатысып, рухани серпіліс ала алады.

Бұл күні кітапсүйер қауым А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы ұйымдастырған «Абай әлемі» кітаптар топтамасының» 2022 жылғы шығарылымының тұсаукесеріне қатыса алады. Сондай-ақ, кітапханада желтоқсан айы бойы «ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАНЫМ!» және «Алашорда – тәуелсіздік бастауы» интерактивті әдебиеттер көрмелері жұмыс істейтін болады.

15-желтоқсан күні қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында өтетін «Көгімде желбірейді көк туым» Open Talk қатысып, Тәуелсіздік тарихы жайындағы білімдерін толықтыра түспек. 

16 желтоқсан күні ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, тұрғындар мен қала қонақтары музейдің «XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Шығыс Қазақстан қазақтарының этнографиялық мұрасы, «Бір шаңырақ астында», «Біз – Қазақстан халқымыз» экспозицияларының көрме залдарына саяхаттай алады.

Дәл осы күні ШҚО драма театрында Қ. Ысқақ, Шахимарданның «Қазақтар» тарихи драмасы сағат 17.00-де өз көрерменін күтеді. Сондай-ақ бұл күні 14.30-да «Император» СҮ-де ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйтқы болуымен «Мен отанымды сүйемін» акциясы өтеді.

Тәуелсіздік күніне арналған шаралар легін «Ертіс концерт» КМҚК-ның мерекелік концерттері жалғастырмақ:

- «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры»: «Алтай» фольклорлы этнографиялық ансамблінің концерті, 15 желтоқсан, сағат 18.30.

-  «Под единым шаныраком»: камералық оркестрдің 25 жылдық мерейтойлық концерті, 17 желтоқсан, сағат 15.00.

- ҚР Мәдениет қайраткері Абаш Кәкеновтың шығармашылық концерті, 19 желтоқсан, сағат 18.00.

- Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концерті; 21 желтоқсан, сағат 18.30.

- «Тәуелсіздік тұмарым – бірлігім – ұлы ұраным»: Жамбыл Дүйсеновтың шығармашылық кеші, 24 желтоқсан, сағат 18.00.