«Өмір кітабымның тараулары»: жаңа кітаптың тұсаукесері

«Өмір кітабымның тараулары»: жаңа кітаптың тұсаукесері

13 сәуір күні Пушкин атындағы облыстық кітапханада жерлесіміз, ұстаз, жазушы Сарышева Фарида Батырбекқызының «Өмір кітабымның тараулары» кітабының тұсаукесері өтті.
Фарида Батырбекқызы ҚР оқу ісінің үздігі, Ақтөбе облысының екі дүркін «Облыстың ең үздік мұғалімі» грант иегері, «Басқару ойының дамуына қосқан үлесі үшін» Ф. Тейлор атындағы алтын медаль, «Ұлт ұстазы» төсбелгісі және «Еңбек ардагері», «Қазақстанның құрметті азаматы» медалінің иегері.
Ф. Сарышеваның көп жылдық тәжірибесі мен терең ізденіс, зерттеулерінің нәтижесінде «Әдебиет – өмірді таныту құралы», «Қазақ әдебиетін оқытудағы сабақ үлгілері», «Қазақтың төл мысалдарын тереңдетіп оқыту» авторлық бағдарламасы, «Кәсіптік білім беру жүйесінде қазақ әдебиеті пәнін сын тұрғысынан ойлау технологиясы», «Тіл тазалығын сақтайық», «Қазақ әдебиеті және космогония», «М. Құттықовтың ақындық шығармашылығы» еңбектері жарыққа шықты.
Автордың оқырманға жол тартқан жаңа кітабы бұрынғы басылымдардан өзгеше. Кітапта ежелгі сақ тайпасының орталығы болған Шілікті, Тасбастау ауылдары туралы баяндалады. Туған жерге деген махаббат, қарапайым ауылдастары, ұстаздары, ардақты ата-ана, қазақ әйелінің тағдыры, адами бақыт туралы сыр шертіледі.
Кездесуге қатысушылар, жазушының достары, жерлестері, Қазақстан-Американдық еркін университетінің жоғарғы колледжінің оқытушылары мен студенттері, ШҚО облысы бойынша "Өрлеу" педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты курсының тыңдаушылары Сарышева Фарида Батырбекқызының шығармаларымен танысып, ең бастысы туған өлкеге деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрді.