Қош келдің, Әз-Наурыз!

Қош келдің, Әз-Наурыз!

Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеген.
16 наурыз күні Пушкин кітапханасының барша қонақтары «Қош келдің, Әз-Наурыз!» әдеби-музыкалық қонақжайында талантты да өнерпаз сал-серілерімізбен бірге мерекелік дастарханнан дәм татып, «қазақтың ұлттық салт-дәстүріне арналған қойылымдарына куә болды. Ежелгінің батырлары іспетті алып күш иесінің өнеріне тәнті болып, бейқам балалық шақтарын еске алып, ұлттық ойындар ойнады. Қолөнер бұйымдары көрмесін тамашалап, шеберлермен бірге бұйымдар жасап көріп, қызықты да танымдық сұрақтарға жауап берді.
«Ұлттық стиль – жақұтымыз» ұлттық костюмдердің арт-дефилесінде соңғы үлгімен жасалған қазақтың ұлттық киімдері мерекеге ерекше сән берді. Қонақтар оларды тамашалап қана қоймай, киімнің тарихы, ерекшеліктері туралы да мағлұмат алды.
«Қазақстан халықтарының ұлттық тағамдары» тағамдар жәрмеңкесі қонақтарға әр түрлі ұлттық тағам түрлерін ұсынды.
Ал, «даналық киіз үйінде» «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке» интерактивті әдебиеттер экспозициясымен танысты. Барлық тілек білдірушілер «Салт-дәстүрім – салтанатым»: ұлттық салт-дәстүрімізгеарналған викторина мен «Наурыз мерекесінің тарихын білеміз бе?!»: квест ойынына қатысып, сыйлықтарға ие болды.
Құрметті достар! Наурыз мейрамы құтты болсын! Әз Наурыз шаңырақтарыңызға шаттық, бақ береке, ырыс пен ынтымақ, молшылық пен қуаныш әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!