«Туған елім» әндер жинағының тұсаукесері

«Туған елім» әндер жинағының тұсаукесері

9 ақпан күні сағат 14.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен жергілікті композитор Маржангүл Маниярованың «Туған елім» атты Катонқарағай ауданының тумасы, ақын Ақтан Нұрбаевтың өлеңдеріне жазылған әндер жинағының тұсаукесер рәсімі өтеді.

М. Маниярова – 1955 жылы Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылында дүниеге келген.

Ең алғашқы әнді студент кезінде М. Мақатаевтың «Ей, өмір» деген өлеңіне жазады. Бұл ән 1975-80 жылдары «Алтай әуендері» вокалды-аспаптық ансамблінің орындауында халыққа танымал болады.

«Восток-90» әншілер  байқауында М. Мақатаевтың сөзіне жазылған «Несіне өмір сүргенсің» әні орындалып, лауреат атанады.

2000 жылы Өскемен қаласының 250 жылдығына арналған байқауда «Ару қалам, Өскемен» деген М. Тастағановтың сөзіне жазылған әні жүлделі орын алып, лауреат атағын иеленеді.

Бүгінде Ұ. Есдәулетовтің сөзіне жазылған «Жер ана» әні, «Жаса мәңгі туған жер, «Ару қалам Өскемен», А. Дүйсенбінің сөзіне жазылған «Ұлағатты ұстаз», А. Нұрбаевтың сөзіне жазылған «Өр, Қаратай» және т.б. әндері көптеген республикалық, облыстық конкурстарда орындалып жүр.

Бұлардан басқа Ф. Оңғарсынова, Б. Раисова, Ғ. Байбатыров, Ә. Қаңтарбаев, К. Ерқасов сынды ақындардың сөзіне ән жазған. Әндері ырғақтық суреттерімен күрделі, түрлі жанрларда жазылған.

«Туған елім» әндер жинағына туған жері өр Алтайдың таңғажайып әсем табиғатын бейнелі теңеулер, көркем тілмен жырлап өткен ақын Ақтан Нұрбаевтың өлеңдеріне жазылған әндер енгізілген. «Сырымды айтам», «Айтып өткен ақында арман бар ма...» өлең кітаптары жарыққа шыққан. Ақтан Нұрбаев өлеңдерінің басты тақырыптары табиғат, адамдар, соларға деген сағыныш, жүрек жылу болып келеді.

«Халық ақыны» атанған А.Нұрбаевтың өлеңдеріне жазылған әндердің тұсаукесеріне қатысып, автормен, ақынның ұрпақтарымен кездесуге шақырамыз!

Байланыс тел.: 26-13-33 (123)