«Тәуелсіздіктің 30 жұлдызды жылы»: мереке-энциклопедиясы

«Тәуелсіздіктің 30 жұлдызды жылы»: мереке-энциклопедиясы

14 желтоқсанда ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күніне орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «жанды энциклопедия» форматында бірқатар жарқын іс-шаралар өткізді. Кітапхана алаңдарында тәуелсіздік жылдары түрлі қызмет салаларында жетістіктерге жеткен өлкеміздің ерекше адамдарымен кездесулер ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарлама Абай Құнанбаевтың мәдени мұрасын дамытуға үлес қосқан түрлі кәсіби сала қайраткерлерін «Абай» халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының марапаттау рәсімімен ашылды.

Мерейтойлық бағдарламада: Егемен Қазақстанның тарихы мен мемлекеттік құрылысы, Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және оның жаңа мемлекетті нығайтудағы тарихи рөлі туралы басылымдарды ұсынатын «Сындарлы 30 жыл – 30 асу» / «30 лет созидания – 30 достижений» әдеби көрме – экспозициясы. Көрмені ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының этнографиялық коллекциясы толықтырды.

 «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттері ұйымдастырған «Атамекен» экспедициясының қатысушылары Шығыс Қазақстанның бірегей орындары, өңіріміздің киелі және туристік объектілері жайлы әсерлерімен бөлісті. Бағдарламаны А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған өлкетану экспедициясының нәтижесі болып табылатын – «Ядролық полигон: тыныштыққа 30 жыл» бейнефильмінің тұсаукесері жалғастырды.

Фотосүйер жандар танымал фотограф әрі эколог, өлкеміздің ең тамаша фотосуреттерінің авторы Евгений Домашевтің бенефисінде бас қосты. Оның жұмыстары Ұлыбританияның Кембридж мұражайында Шығыс Қазақстан облысының ежелгі қорғандарынан алынған алтын артефактілер көрмесімен бірге ұсынылған.  

Осы күні TEDх форматында Шығыс Қазақстан жастарының үздік өкілдерімен кездесу өтті. Елбасы медалінің иегерлері, ғалымдар, бизнесмен, ақындар, спортшылар өздерінің табысты да сәтті оқиғаларымен бөлісті.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жоба нәтижелері – «Өмір сүр, әрекет ет!» көрмесі келушілерге жарқын көңіл-күй сыйлады. Инесіз тоқылған жұмсақ ойыншықтар, канзаши техникасымен жасалған ерекше әшекейлер және басқа да көптеген сувенирлерді тек тамашалап қана қоймай, оларды жасау бойынша шеберлік сабақтары өтті.

Мерекелік шараларды «Дүбірге толы дүние» және «Көкдауыл» атты екі кітаптан тұратын әдеби жинақтың тұсаукесері қорытындылады. Аталған кітаптардың авторы – белгілі айтыскер, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Серік Құсанбаев өмір туралы сыр шерте отырып, түрлі адамдардың тағдыры туралы әңгімелеп, өмір құндылықтары жайлы ой толғай отырып, мақалалар мен әріптестерінің сұхбаттарын ұсынады.  

Барлық іс-шараларды Ютуб @pushkinlibrary арнасынан тамашалауға болады.

Байланысшы: Ашкенова Ж.
8 707 640 5870