10 желтоқсан сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы кітапханада Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қаһарман қыз - Сәбира» атты желтоқсан құрбаны болған Сәбира Мұхамеджанованы еске алу кеші өтеді.
Ел тарихында, тіпті әлем тарихында өшпес із қалдырған, Кеңестік империяның тұтастығына тұңғыш соққы беріп бостандыққа жол салған «Желтоқсан» оқиғасын «тәуелсіздіктің кіндігі» деп бағалаған екен халық қаһарманы Қасым Қайсенов атамыз.
1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, шеруге шықты. Олар «қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген тілек білдірді.
Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен оларға күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген кінә тағылды.
Сол оқиғаның алғашқы құрбандарының бірі біздің Сәбирамыз, яғни, Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы еді.
Сәбира Мұхаметжанова 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын оқу орнына студент болып қабылданды. Ол Алматыдағы жастар шеруін жұдырықтай жүрегімен қолдап, Өскемен қаласының көңілі ашық, көкірегі ояу студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай ән айтып, шеру тартты. Өскемендегі Сәбира оқыған колледж жиналысында Сәбираны айыптап, тәртіпсіз деп бағалаған. Сөйтіп, бар-жоғы 16 жастағы албырт жас жатақхананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қыршынынан қиылды.
Еске алу кешінің басты мақсаты – бүгінде 30 жылдығын тойлап отырған ел Тәуелсіздігіне қандай жолмен және кімдердің ерлігінің арқасында жеткеніміз жайлы жастарға айтып жеткізу.
Іс-шара Сәбира Мұхамеджанованың мектептегі, училищедегі өмірі, Желтоқсан оқиғасына қатысты көрген қорлығы, оның отбасының, жақын-туыстарының тартқан азабы, шеккен мехнаты турасында болмақ.
Шара қонақтары: 1986 жылғы жастар толқуына қатысқан желтоқсаншы жерлестеріміз – ШҚО «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов;
- желтоқсан оқиғасын өз көзімен көрген «Желтоқсан қаһарманы» - Оспанова Жанар Көншіқызы;
- Сәбираның әкесі жағынан ағайындас апайы Алматы қаласының тұрғыны актриса, продюсер, диктор Сахариева Балнұр ханым;
- Сәбираның анасы жағынан туысы Астана қаласында тұратын нағашы апайы Хамзина Бақытгүл;
- Сәбира Мұхаметжанованың курстасы, онымен бірге оқыған 28 қыздың бірі - Канапина Әсел Әлмұқанқызы.
Қазақтың батыр қызы Сәбира Мұхамеджанова 35 жылдан кейін ақталды. Бүгінде Сәбира Мұхамеджанова атында көше бар.
Сәбира қандай құрметке де лайық. Ол көптің бірі емес, Желтоқсанның нағыз құрбаны, нағыз батыр қыз. Иә, батыр қызды ұлықтау шаралары алдағы уақытта жалғасын таба береді деген ойдамыз. Тәуелсіз жастары барда Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызының есімі мәңгілікке ұмытылмақ емес.
Сондай-ақ, кітапханаға келушілер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған ауқымды «Сындарлы 30 жыл – 30 асу» атты әдебиеттер көрмесімен таныса алады.
Сын сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастарымыздың ерен ерлігімен танысып, сұрақтарыңызға жауап алғыңыз келсе қаһарман қыз – Сәбираны еске алу кешінде бізбен бірге болыңыз!
Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.
Байланысшы: Құдайбергенова Н.К.
тел.: 26-13-33