«Поэзия, тұңғиық теңіз бе едің?...» облыстық ақындар мүшәйрасы

«Поэзия, тұңғиық теңіз бе едің?...» облыстық ақындар мүшәйрасы

2021 жылдың 8 желтоқсаны күні, сағат 15.00-де Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі Серік Ғабдуллинді еске алуға арналған «Поэзия, тұңғиық теңіз бе едің?...» атты облыстық ақындар мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
Серік Ғабдуллаұлы 1937 жылы Ұлан ауданы, Шымқора ауылында дүниеге келген. Алматыдағы ҚазМУ-нің филология факультетін тәмамдап, Өскемендегі «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде кіші әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейінгі журналистік жолда табиғи талантын таныта білді.
С. Ғабдуллаұлы еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық ұйымына төрағалық ете отырып, оның қасынан Өскеменде тұратын ұлт өкілдерінің «Мәдени орталығын», облыстық мешіт, «Ақсақалдар алқасын» құруға бастама көтерді. Сол жылдары облыстық айтыскерлер және Өскемен қалалық «Шабыт» жас ақындар мектебін ашты. «Шабыт» және «Звено Алтая» ақындар мектептерінде жас таланттардың шығармашылық қалыптасуына белсенді жетекшілік жасады. Облыс орталығында шығатын республикалық әдеби-мәдени және қоғамдық «Ақ Ертіс» журналының шығуына үлес қосып, оның бас редакторлық міндетін атқарды.
Көп жылғы еңбегі еленіп, ҚР Президентінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болды. Өскемен қаласының құрметті азаматы.
Ақынның «Көктем лебі», «Бұқтырма сарыны», «Көктем-көкөрім шағым», «Ақ босаға», «Жылдардан жеткен жаңғырық», «Ұланғайыр», «Сөйле, менің жүрегім», «Алтай асу», «Седой тулпар» кітаптары және жетпіс жасқа толуына арналған екі томдық «Таңдамалы өлеңдер жинағы» жарық көрген.
Облыстық мүшайраға ақындар Серік Ғабдуллинге арналған бір өлең (жаңа), еркін тақырыпқа арналған бір өлеңмен қатысады. Өлкеміздегі жыр дүлдүлдері бас қосып, бақ сынамақ жыр мүшәйрасының жеңімпаздары арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Жырсүйер қауымды рухани байытып, өлеңге сусындатар тамаша кездесуден құр қалмаңыз, ағайын!

Байланыс тел.: 26-13-33 (119)