25 қараша күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен шырайлы Шығыстан, Зайсан өңірінен шыққан халық ақыны, жыршы, Ахметов Ержанның (1879-1967) шығармашылығына арналған «Ержан Ахметов шығармалары» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.
Қазақтың авторлық ауызша поэзиясының айтулы тұлғаларының бірі, халық ақыны Ахметов Ержан - Тарбағатай ауданы Шілікті ауылында дүниеге келген. Атақты ақын, әнші Әсет Найманбайұлынан көп тәлім алып, өз жанынан өлең, ән шығарған, айтыстарға қатысқан. 1920-1956 жылы Қытайдың Тарбағатай өңірінде болып, туған жеріне оралған соң жыршылық өнерін жалғастырып, ел аузындағы жыр, дастандар мен қиссаларды, аңыз, әңгімелерді жинаумен айналысты. Әсет, Жанұзақ ақындардың шығармаларын насихаттады. Өзінің тақпақ сөздері мен қысқа өлең-жырларына қоса «Мырзаш батыр» атты елінің бостандығы үшін күрескен қаһарман туралы көлемді дастан жазды. Ол жырлаған «Арқалық батыр», «Бердіқожа батыр», «Қабанбай батыр», «Бозжігіт», «Бақтияр» және т. б. көлемді жырлар мен дастандар көптеген жинақтарға енген.
Оқырман қауымға ұсынылып отырған Ержан Ахметовтың жаңа жинағына бұрын жарияланған туындыларымен қатар М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорынан және ақынның отбасылық мұрағатынан табылған өлеңдері, дастан-қиссалары, айтыстары, шежіре хаттары енгізілген.
Тұсаукесер қонағы - ақынның ұлы, бүгінде Алматы қаласында тұратын ақын, әнші-композитор Сүлейменов Тақат ағамыз.
Сүлеймен Тақат 1956 жылы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. 1961 жылдан бастап Шілікті совхозының Тасбастау ауылында тұрған. 2001 жылдан бастап Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауылында тұрады.
Ержан Ахметов сынды кең тынысты өнерпаздың шығармашылығынан ақпарат беретін жаңа кітапты оқырмандарымен табыстыруға арнайы келген Сүлейменов Тақат ағамыз, әке аманатын, әке мұрасын ұлықтау кешінде өз өнерін халыққа тарту етті.
Байланыс тел.: 26-13-33 (119)