«Қаламгер тағлымы»

«Қаламгер тағлымы»

5 қараша күні сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің, халықаралық Жамбыл атындағы және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Ақыш Нұрдәулет Бабиханұлымен кездесу өтті.
Н.Ақыш - 1950 жылы 15 маусым күні ШҚО, Тарбағатай ауданы, Маңырақ аулында өмірге келген. Ұзақ жылдар бойы республикалық мерзімді баспасөз редакцияларында, кітап баспалары мен білім-ғылым саласында әр түрлі қызметтер атқарған. Солардың ішінде ұзағырақ істегендері – «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Заң» сияқты газет-журнал редакциялары мен Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы. Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бас ғылыми қызметкер.
Бүгінгі таңда ол - көптеген көркем әдебиет және ғылыми кітаптардың авторы. Прозашы Н.Ақыштың туындылары үнемі оқырмандар мен әдебиет сыншыларының назарында.
Н.Ақыш «Жұмбақ іздер», «Мейірімділік сәулесі», «Құз хикаясы», «Момақан қыз», «Киелі көлдің қарақшылары» повестермен, әңгіме-ертегілерімен қазақ балалар әдебиетін байытуға да еңбек сіңіріп келеді. Ол «Таң алдындағы дабыл», «Батпақты тоғай басында» атты повестері арқылы әскери тақырыпқа қалам тербеген санаулы қазақ жазушыларының бірі. Шығармалары орыс, түрік, ұйғыр, беларусь тілдеріне аударылған.
Н.Ақыш есімі бүгінгі әдеби процесті зерттеуші ретінде әдебиеттанушы ғалымдардың қатарында да аталып келеді. 2004 жылы кандидаттық, 2009 жылы докторлық диссертация қорғаған. Көркем шығармалары мектеп оқулықтарына енген.
Белгілі жазушымен кездесуге журналистер, оқушылар, студенттер және әдебиетсүйер қауым келді.