«Тағдырыма ризамын»: жаңа кітаптардың тұсаукесері

«Тағдырыма ризамын»: жаңа кітаптардың тұсаукесері

«Тағдырыма ризамын»: жаңа кітаптардың тұсаукесері
22 қазан күні кітапхананың ұйымдастыруымен бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған, Оралхан Бөкей, Әлібек Қаңтарбаев, Ербол Баянғазин, Бақытжан Райысова сынды республикаға танымал тұлғалардың ұстазы Сәбира Хайдарқызының «Тағдырыма ризамын» кітабы мен оның ұлы, Қашқынбаев Талғат Саккоұлының «Тұнық бастаулар» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Қашқынбаевтар әулетінің келіні Сәбира Хайдарқызының «Тағдырыма ризамын» кітабы – автордың өмір соқпақтары мен еңбек жолы жайлы естелік өмірбаяны. Қарт ұстаз тоқсанға таяған жасында өткен-кеткенді саралап, немере-шөберелеріне, балларына, шәкірттеріне басынан өткен жайлардан сыр шертеді. Автор сонымен қатар, сұм соғыстың құрбаны болған әкесінің жарқын бейнесін еске алып, осы шығармаға арқау еткен.
Кітаптың алғысөзін жазған баспагер-жазушы, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы – Қайырды Назырбаев.
Қашқынбаев Талғат Саккоұлы көп жылдар бойы құрылыс саласында еңбек етті, жобалау мекемелерінде бөлім бастығы, бас инженер, директор қызметін атқарды. Әртүрлі тақырыптарға өлеңдер, шағын әңгімелер жазумен айналысады. 2013 жылы баспадан «Өмір жайлы ойлар» атты шағын кітапшасы жарық көрді.
«Тұнық бастаулар» кітабы Талғат Қашқынбаевтың ой-толғаулардан тұратын естеліктер жинағы. Автор өз өмірінің өзегіне нәр берген туған жері, шаңын бұрқыратып, жалаңаяқ жүгірген ауылы, алтын ұя мектебі, бала күнгі достары мен ұстаздары және өзінің ет жақын туғандары жайлы сыр шертеді. Сонымен бірге кітапта өмірден өткен қимас адамдары жайлы естеліктер, сондай-ақ өлеңдер мен көркем әңгімелері топтастырылған.
Бүгінгі жаңа кітаптардың тұсаукесерінен ұрпақтар сабақтастығы, отбасы құндылығын көріп отырмыз. Жаңа кітаптар өзіне берілген қысқа ғұмырды бағалай білуге, сыйластыққа, ағайын арасының татулығына жетелейді. Аға ұрпақтың өткен өмірін білу – кейінгілердің болашағын бағдарлауға септігін тигізеді.
Адамзат қоғамның ең басты бейнесі – отбасы. Отбасында берілген тәрбие ұлттық кодты қалыптастырады. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады.
Байланыс тел.: 26-13-33 (123)