Өнер – тәңір сыйы: еске алу кеші

Өнер – тәңір сыйы: еске алу кеші

15 қазан күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында Семейлік әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ерекше дарын иесі Тұрсынғазы Рахимовтың туғанына 70 жыл толуына байланысты «Өнер – тәңір сыйы» тақырыбында сазгердің шәкірттерімен еске алу кешін ұйымдастырды.
Кешке М. Төлебаев атындағы музыкалық колледждің студенттері, және ҚР мәдениет саласының үздігі, Т. Рахимовтың шәкірті Камидолдин Қайрат Батырбекұлымен шәкірттерінің тағы бірі, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауының лауреаты Смасеитова Алтын Жеңісқызы қатысты.
Шара барысында Тұрсынғазы Рахимовтың шәкірттері - әнші, композитордың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Ол кісінің ұстаз ретінде бойларына сіңірген қасиетін тілге тиек етіп, адамдық, адалдықты, тазалықты жаны сүйетін ұстаздарын сағынып еске алды.
Көзі тірісінде өзі қызмет жасаған аталмыш колледжден Тұрсынғазы Рахимов атындағы жеке сынып ашылғанын, композитордың өзі жеке бір мектеп екенін, және сол мектепті шәкірттерімен, әндерімен соңына ізіндей етіп қалдырғанын қонақтарымыз мақтанышпен жеткізді.
Т. Рахимовтың төл шәкірті Қайрат Батырбекұлы ұстазының «Санаулы күн» әнін орындап кешімізге көрік берсе, немере шәкірті музыкалық колледждің студенті Әбілқасымова Ұлжан «Нені аңсаймын?!» әнін орындап берді.
Рухани кешіміздің мәнін Т. Рахимовтың замандасы, әрі досы Адай Зейнолдаұлының бейнежазбада айтқан естеліктері мен жан тебірентер сөздері ашса, ақын, ҚР мәдениет қайраткері Дәметкен Серікбайқызының еске алып арнаған өлеңі көрермен жанына жылулық сыйлады.
Іс-шарамыздың соңында Алтын Жеңісқызы ұстазының төлқұжатына айналған «Сәби болғым келеді» әнін орындаса, Қайрат Батырбекұлы «Ғашықпын» әнін орындап берді.
Кітапхана қызметкерлері атынан «Балалар әдебиеті» бөлімінің маманы Айман Көпжанқызы алғысын білдіріп, өнер иелеріне шығармашылық табыс тілеп, шарамызды қортындылады.