«Армандар орындалады» Кітап тұсаукесері

«Армандар орындалады»  Кітап тұсаукесері

24 қыркүйек күні сағат 11.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана жерлесіміз, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, тренер-коуч Дүсіпбаева Қарлығаш Советқанқызымен «Армандар орындалады» тақырыбында кездесу ұйымдастырады. Шарада автордың нон-фикшн жанрында жазылған «Қарлығаш қанат қаққанда», «Қарлығаштың сабақтары: Әдемі сөйлеймін» атты кітаптарының тұсаукесері өтеді. 

Дүсіпбаева Қарлығаш Советқанқызы – М.С. Нәрікбаев атындағы  КАЗГЮУ университетінің профессоры, ф.ғ.к, Ph.D докторы, Аймақтық Менеджмент Академиясының қауымдастырылған профессоры. Білім беру саласындағы зерттеушілердің қазақстандық қауымдастығының мүшесі (KERA) «Researcher» (білім беру саласында зерттеуші). Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық қауымдастығының мүшесі (IATKL). Aхмет Байтұрсынұлы Білім Академиясының Академиялық кеңесінің мүшесі, Көпшілік алдында сөйлеу, жаңартылған бағдарлама, эссе бойынша республикалық деңгейдегі тренер, коуч. Q_ORATOR mektebiniń негізін қалаушы. Бүгінгі таңдағы қазақ тілін креативті оқытып жүрген еліміздегі үздік ұстаздардың бірі.

 «Көпшілік алдында сөйлеу өнері» «Іскерлік этикет және сөйлеу өнері», «Тілді деңгейлеп оқыту», «Цифрлық технологияны қолдану арқылы тілді деңгейлеп оқыту», «Эссе жазудың тиімді тәсілдері», «Тілді M-Learning әдісі арқылы меңгерту», «Әлеуметттік желілер арқылы тілді меңгерту» «21 ғасыр студентінің құзыреттілігі», «Сөз өнері», «Ғылыми жоба жазу және қорғау техникасы» тақырыптарында тренинг, мастер-класстар өткізіп жүр.

Биыл жарыққа шыққан «Қарлығаш қанат қаққанда» – өзін дамытамын деген жандарға арналған мотивациялық кітап. Адамның өзгеруіне, жігерленуіне арналған ақпараттармен қоса, қарым-қатынас, отбасы бақыты, бала тәрбиесі, ата-анаға, әріптестерге деген құрмет, бақытты, табысты болу жолдары, аффирмациялар, тайм-менеджмент жайлы әркімге ой салар ақпараттар жинақталған. Ал кез-келген ортада өзіңізді сенімді сезініп, әдемі де нық сөйлеп, аудиторияны баулап алатын қасиеттер мен дағдыларды игергіңіз келсе «Қарлығаштың сабақтары: Әдемі сөйлеймін» кітабын парақтаңыз.

Рухани азық берер танымдық, тәрбиелік шарадан тыс қалмаңыздар. Біз сіздерді кітапханада күтеміз!